Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Тіркеу бизнесіне» кім түрткі болды?

14 наурыз 2013, 13:43

Ауылдан қалаға келген қазақтың басты мәселесінің бірі – тұрақты тіркеу. Тұрақты тіркеуің болмаса қалада қалыпты тіршілік етудің өзі қиын. Ең бастысы, дұрыс жұмыс табу қиын. Сондай-ақ баспанамен қамту бағдарламаларына да қатыса алмайсың. Әлеуметтік жеңілдіктерге де қол жеткізу мүмкін емес. Тұрақты тіркеуің болмаса медициналық көмекке де қол жеткізу қиямет. Сондай-ақ баланы мектепке орналастыру да бір мәселе. Бір сөзбен айтқанда – қалада тұрақты тіркеуі жоқ азамат – мәдениетті БОМЖ.
Естеріңізде болса, 2010 жылы Алматы қа­ласы әкімі қаладағы баспана мәселесін реттеу мақсатында қаладағы үйлер мен пә­терлерге тұрғындарды белгіленген нор­мамен ғана тіркеуге рұқсат беру жайлы ше­шім қабылдаған болатын. Яғни әр тұр­ғынға 15 шаршы метрден тура келуі тиіс (мысалы, 60 шаршы метр пәтерге төрт адам­ды ғана тіркеуге болады). Сондай-ақ осын­дай шешім қабылдау арқылы қала әкім­дігіндегілер «тіркеу бизнесіне» тос­қауыл қоямыз деген болатын. Алайда «тір­кеу бизнесіне» тосқауыл қойылған жоқ, қай­та ол бизнес бұрынғыдан да өршіп, заңсыз тіркеу бағасы қымбаттаған. Өйткені бұ­рын туысы барлар сол үйге тіркеуге тұ­рып, қалғандары 10-15 мың теңгемен тір­кеуге тұрса, қазір туысы бары да, жоғы да «тір­кеу бизнесімен» айналысатын дел­дал­дарға жүгінуге мәжбүр. Оған қоса тұрақты тір­кеу бағасы да қымбаттаған. Қазіргі тір­кеу бағасы – 25 мың теңге. Делдалдар қаланың кез келген ауданына үш айдан бір жылға де­йін тіркеуге қойып беретіндері жайлы ашық айтады. Бұған көз жеткізу де қиын емес. Алматы қаласындағы Мақатаев кө­ше­сінде орналасқан «жетім бұрыш» ата­лып кеткен пәтер мәселесімен айналысатын дел­далдар базарына барсаңыз, өзіңіз бұған куә бола аласыз. Бұл жайдан қала әкімі де ха­бардар болып шықты. Ол қара­ма­ғындағыларға аталмыш мәселені шұғыл ше­шуді тапсырды.
Алайда шұғыл іске кіріскен полиция өкіл­дері «жетім бұрышты» жеті айналып, еш заңсыздықты анықтай алмапты. Өйт­кені ол жерде пәтер мәселесі бойынша қыз­мет көрсететіндердің бәрі де жеке кә­сіп­керлер. Олар тіркеу мәселесімен де ай­на­лысады екен. Бірақ заң шеңберінде. Қа­ла әкімінің шешімі бойынша 15 шаршы метр­лік шектеу тұрақты тіркеуге тұра­тын­дар үшін, ал уақытша тіркеу үшін ешқандай нор­ма да, шектеу де жоқ. Сондықтан бір жылға дейін уақытша тіркеуге қою заңбұзушылық болып табылмайды.
Миграциялық полиция қыз­мет­кер­лерінің айтуынша, тіркеу ережесін бұзған аза­матқа бес айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салынады. Биылғы жыл басынан бері мұндай жеті жағдай тіркелген көрінеді.
Айналып келгенде, зардап шегетін тағы да сол қарапайым халық. Оның ішінде – қа­рапайым қазақ. Қазақ деп текке  айтып отыр­ған жоқпыз. Өйткені статистикалық мә­ліметтерге қарағанда, Алматыға ауыл-ай­мақтардан келетіндердің 92 пайызы қазақтар екен.
Тұрақты тіркеу мәселесі ауылдан нә­па­қа табуға келген талай қазақтың құқығын тап­тап, талай жауапсыз кәсіпкерлерге қол болып отыр. Өйткені қаладағы кез келген жұмыс беруші тұрақты тіркеудің болуын талап етеді. Тұрақты тіркеуің болмаса «жусаннан аласа» боласың, айтаққа жүріп, айдағанға көнесің. Сондықтан да тіркеуі жоқ азаматтар төмен жалақыға, кез келген ауыр жұмысты істеуге мәжбүр. Жұмыс беруші олармен еңбек келісімшартын да жасаспайды, әлеуметтік қорға, зейнетақы қорына ай сайынғы жарнасын да ау­дар­май­ды. Тіпті жұмыс орнында жарақат алып, мүгедек болып қалса да өтемақы өн­діріп ала алмайды. Кейде жалақыларын да бермей, «ұнамаса кете бер» деп қуып шығады.
Алматы мен Астана қаласына тұрақты тұ­руға келушілерге шектеу қою мәселесі мәжілісте де сөз болған еді.
Рауан ШАЕКИН, Мәжіліс депутаты:
–  Қазір Қазақстан бойынша баспа­на алу кезегінде тұрған 200 мыңнан аса адам бар. Және бұл көрсеткіш жыл са­йын өсіп отыр. Оның  жартысы Ал­маты мен Астана қалаларына тиесілі екен. Сондықтан да ішкі миграцияны рет­ке келтірмесек, баспана мәселесі күрделі күйінде қала береді.

Иә, халық қалаулысының сөзі негізсіз де емес. Ауыл халқының қалаға ағылуы бас­пана мәселесін күрделілендіріп отыр­ғаны рас. Алайда бұл мәселені «бас жа­рып, көз шығармайтын» өзге бір тиімді ше­шімін қарастыру керек шығар. Өйткені қалаға тұрақты тіркеуге шектеу қою бір­неше мәселенің туындауына әкеліп соқтырып отыр.
Заңгер маманның айтуына қарағанда, Қазақстан азаматы өз елінде қалаған жерде жүріп-тұруға құқылы. Олардың қалаға тіркеуге тұруына шектеу қою да дұрыс емес. «Жалпы қалаға жұмыс іздеп келген әр азамат қызметке орналасқан мекемеге тіркеуге тұруға құқылы. Бірақ бұл ережені орындап жатқан мекемелер некен-саяқ. Тіпті жоқ деп айтуға болады. Қайта оның есесіне, тіркеуі жоқтығын сылтауратып, ауылдан келгендерді арзан, ауыр жұмысқа жегушілер көп», – дейді мамандар.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Алматы қаласында тіркеуге тұрғы­сы келетін азаматтарға шектеу қою дұ­рыс емес. Бұл көптеген заңсыздықтарға алып келеді. Мәселен, осыдан кейін тұ­рақты тіркеуі жоқ азаматтардың жұ­мысқа тұруы қиындайды. Заңсыз жұ­мыс істейтіндердің қатары көбейеді. Ал егер сол заңсыз жұмысшы заң­бұ­зу­шылық жасаса, оны тауып алу да қиынға соғады. Біз шектеуге дайын тұ­рамыз. Әрине шектеу қою оңай. Шек­теу қойғаннан гөрі халықтың еркін жүріп-тұруына, еңбек етуіне, лайықты өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. 

Ал қоғам қайраткері, Болат ДҮЙСЕНБІ: «Жалпы азаматтарды тіркеуде ұстаудың өзі адам құқығынбұзушылық болып табылады. Демократиялық елдерде тіркеу деген атымен жоқ. Бұл – ескі Кеңес дә­уірінен қалған казармалық жүйе. Шек­теу бүкіл Қазақстанда емес, Алматы қа­ла­сы бойынша әкімінің қабылдаған қаулысы не­гізінде жүзеге асып отыр. Мұны ақша та­буға пайдаланып жүргендер де бар. Әри­не бұл ауылдан жұмыс істеп келген аза­маттарға қиындық тудырады. Олардың не­гізі – жастар. Ал олардың 90 пайызы – қа­зақтар. Сондықтан тіркеуге қатысты заңға тұ­рақты тіркеусіз жұмысқа қабылдау ту­ралы өзгеріс енгізу керек сияқты. Қазіргі заң­да «әрбір азаматтың жұмыс орны ғи­ма­ратына тіркеуге тұруға құқығы бар» де­лінген. Алайда жұмыс беруші қалада тір­кеуде болмаса жұмысқа алмайды. Міне, осындай қарама-қайшылық бар. Осыны реттеу керек» – дейді.
Айналып келгенде жапа шегіп отырған сол баяғы қарапайым халық. Тіркеуің жоқ деп біреуі жұмысқа алмаса, екіншісі – ақшасы аз, ауыр жұмыс ұсынады. Тіркеуі жоқ болғаны үшін қара ниетті полицейге бір жем болса, тіркеуге тұрам деп «қара риэлторға» бір жем болады. Ал пәтер жалдау ақысы тағы бар. Сөйтіп тапқанын құзғындарға таратып беріп, кейде автобусқа мінуге тиын таппай жаяу жүрген қазақты қалай жұбатарыңды да білмейсің.