Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тұңғыш Президент қалай сайланды?

01 желтоқсан 2012, 12:42

Тұңғыш Президент күні – қазақ халқының тарихында айрықша мәні бар ерекше күн. Өйткені егемендікке енді қол жеткізген кезеңде ел тағдырын сеніп тапсыра алатын, елді өркендетіп, одан әрі дамытатын көшбасшы сайлап алу және Елбасыға лайық нағыз тұлғаны адаспай табу Тәуелсіздікке енді қол жеткізген ел үшін аса маңызды еді. Сондай тұлғаны адаспай сайлағанымыздың арқасы болса керек, 21 жылда еліміздің жеткен жетістігі аз емес. Тұңғыш Президент күні дегенде қазақ халқының тұңғыш Елбасын қалай сайлағаны да еске түседі.
Кеңестік одақ ыдырай қоймаған сол бір қысылтаяң кезеңде, әлі де болса халықтың сана-сезімі отарлау саясатының уысынан ажырай қоймаған тұста Тәуелсіз Қазақстан­ның Тұңғыш Президентін сайлау оңай бол­мағаны рас. Тұралаған экономика мен 70 жыл бойы кеңестік идеологияның ықпа­лын­да болған қоғамды, тәуелсіз саяси сана-сезімдері қалыптаса қоймаған халқы­мызды басқарып, Тәуелсіз ел ретінде аяқтан тік тұрып кету үшін ел өмірінде үлкен бетбұ­рыс жасай алатындай тұлға сайлап алу маңызды еді. 
Сол кезді Тұңғыш Президенттің инау­гу­рациясы­ның ұйымдастырушысы болған қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз­бен бірге еске алып көрген едік.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, қоғам қайраткері:
– Сол бір қиын кезеңде елмен бірге бола­тын, халқына қамқорлық жасай алатын, елді одан әрі дамытып, Тәуелсіз­дігімізді баянды етіп, халықты басқара аламын деген азаматтарға президент сай­­лауы­на түсуіне болады деп жарияла­дық. Хасен Қожа-Ахмет, Олжас Сүлей­менов, Нұрсұлтан Назар­баев секілді тұлғалар президент сайлауына қатар түсті. Жал­пы, Тұңғыш президентті сайлау оңай болған жоқ, үлкен жұмыс жүргізіл­ді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы сол кездері бүкіл Қазақстанды аралап шықты. Ел аралап жүрген кезде біз Нұрсұлтан Әбішұлына халықтың ықыласының ерекше екеніне көз жеткіздік. Н.Назарбаев Президент болып сай­лан­ды. Енді алдымызда әлемдік тәжірибелерге қоса, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді де сақтай отырып инаугурация өткізу мәселесі тұрды. Ел тарихындағы тұңғыш инаугу­рацияны өткізуді Президент маған сеніп тапсырды. Президентті ұлық­тауда бар­лық дәстүрді сақтауды мақсат еттік. Рас, алғашында инаугурацияны хандарды сайлау үрдісімен өткізгіміз келді. Бірақ әлемдегі басқа ел­дер «қазақ хан сайлап жатыр, алға ілгерілеудің ор­нына кері кетіп жатыр» деп айтпасын деп, ұлттық сал­ты­мызды қоса отырып, әлем елдері­нің тәжіри­бе­­лерін барынша ескеруге күш салдық. Инаугу­ра­ция Алматы қала­сындағы Республика сарайында өтті.

Алғашқы инаугурация кезінде халық­тық дәстүрмен ел ақсақалынан бата алу да ұмыт қалмапты. Ол кезді Мырзатай аға: «Шәкір Әбенов ақсақал тентектеу, қырсық­тау адам еді. Көнбей тулап, әзер дегенде көндіріп, Алматыға алдырттық. Әлі есімде, Шәкір атамыздың мінезділігі соншалық, үстіне шапан кигізгенде төменгі жағында джинсы шалбары көрініп тұрды. Инаугура­циядан бұрын дайындықты пысықтап жүріп, Шәкір атамыздың киген джинсы шалбарын көріп мынауыңыз не дегенімде, ақсақал ашуланып қалды. Одан әрі ақса­қал­­ды бүлдіріп алармын деп үндемедім. Алай­да атамыз өте керемет бата берді. «Батамен ер көге­рер» деген ұлтпыз ғой, оны да жақсылыққа баладық. Сондай-ақ ежелгі ханды ақ киізге салып көтерген дәстүрімізді ұмытпайық деп ел арасына байқау жариялап, ақ киіз іздедік. Сонда Жамбыл облысынан аппақ, бір қылшығы жоқ, тап-таза киізді таңдап алып, мінбер­дің астына төседік. Сол мінберде тұрып Елбасы халқына ант берді», – деп еске алады.
Ырымшыл халықпыз ғой. Инаугурация кезінде орын алған мына бір оқиғаны да Мырзатай аға былай деп еске алады: «Инаугурация кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы­ның артында тұрған Ту құлап бара жатты. Бізде қорыққаннан иман қалмады. Тұңғыш Президентті сайлап, алғашқы инаугура­ция­­­ны өткізіп жатқанда Тудың құлауын кім де болса жақсылыққа жорыма­сы анық. Бірақ қалай сезгенін қайдам, Президент артына жалт бұрылып, Туды ұстап қалды. Әлі күнге дейін жығылып бара жат­қан Туды Президенттің байқап қалып, ұстап қалуын жақсылыққа жорып келемін. Құдай­ға шүкір, содан бері Тұңғыш Президен­тіміз Қазақс­танның Туын тік ұстап қана қоймай, ас­қақ­татып көкке көтеріп келеді. Халқы­мызды әлем танып жатыр. Бүгінде бәрі бір күнде болған сияқты. Бірақ жиырма жыл ішіндегі жетістікті бағалай білуіміз керек».
Халқымыздың Тұңғыш Президенті 1991, 1999, 2005 және 2011 жылдары ел сені­міне ие болып, басым дауыспен бір­неше қайтара Президент болып сайланды. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды. Экономикамыз, мә­де­ниетіміз, өнеріміз, білім мен ғылымымыз өркениетті мемлекеттердің деңгейіне дейін көтерілді. Тұңғыш Елбасы ха­лық ша­ру­ашы­лық ке­шенінің құлды­ра­уынан кейін үлкен дағда­рысқа ұшы­раған Қазақстан эко­номи­касын түбе­гейлі ре­фор­ма­лауға ба­са на­зар аудар­ды. Соның нәтижесінде жыл өткен сайын халықтың әлеуметтік жағдайы да көтеріліп келеді. Дамыған мемлекеттер талай уақыт жүріп өткен жол­ды жиырма жылда еңсеріп, енді бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыруымыз еліміздің тез дамып келе жатқанының белгі­сі болса керек. Бұл Тұңғыш Президентті дұ­рыс таң­да­ғанымыздың  арқасы болса ке­рек.

Сөз соңында Мырзатай аға: «Тарих деген осындай болады! Бүгінгі күнді ғана көріп сын айтатындар көп. Талай қиын кезеңді бастан өткерген соң, өзім тәубе деймін. Халқымыз енді бодан болмаса екен. Көтерген Туы жығылмай, асқақтай берсе екен деп тілеймін. Бұл мереке Елбасы күні ғана емес, бұл – тарихта қазақ халқының Тұңғыш Президентін сайлаған күн. Қазақ аз қиналған жоқ. Енді қазағымның көргені тек той болса екен. Бұл мереке – бәріміздің тойымыз. Өткенімізге көз жүгіртіп, бүгінімізге шат-шадыман қуанатын күн. Қазақ халқының тарихында әрбір жеткен жетістігі өз-өзінен болып жатқан жоқ. Сайын далада Астана тұрғызу да сол кезде ешкімнің  санасына сыймады. Қазір қазақ халқының жаңа астанасы бой көтерді.  Алғашқы бір қиын-қыстау кезең­нен Тұңғыш Президентіміз­дің алып шыққаны шындық. Бұл – Елбасының ғана емес, елдің мерейі. Соған бірге қуанайық!» – деді.
Расында да, Тұңғыш Елбасымен бірге жеткен қазақтың Тәуелсіздігі баянды болғай!