Туристер үшін туалет жоқ...
Жыл сайын алаулатып, жалаулатып туризмді дамытуға арналған жиын өткіземіз. Тегін емес әрине. Оған пәлен дөңгелегі бар миллиондар жұмсалады. Бұл шаралар шетелден туристерді шақыру үшін емес, әлдекімнің қалтасын томпайту үшін атқарған шара болып шыға келеді аяғында. Нәтижесі ....НӨЛ. Осы форумдардан, осы жиындардан кейін елімізге ағылып келіп жатқан туристерді көрмедік. Қайта туризімімен-ақ қазынасын қампайтып отырған елдерге қыдырыстаушы отандастарымыз басым сияқты. «Алаш айнасы» осы мәселені зерттеп көрген еді.
Еліміздегі «бізде мынадай бар, мынадай барларды» көруге келетіндер баршылық. Бірақ там-тұм. Бір келген адамның қайтып соғары да неғайбыл. Халықаралық консалтингтік және зерттеу компаниялары қазақстандық туризмнің болашағын түгелімен зерттеп шығыпты. Сонда белгілі болғаны елімізге келіп кеткен туристердің саны жыл жылжыған сайын 16,2 пайызға кеміп отыр екен. Мұның барлығы да еліміздегі туризм саласының тұралап қалғаныдығымен түсіндіреді. Ең алдымен тілге тиек болатыны тым қымбат бағалар, соған сай қызмет көрсетудің кемшіндігі. Пиар-кампаниялардың дұрыс жүргізілмейтіні де белгілі болып отыр. Қысқасын айтқанда туризмді дамытуға арналған қаржының кірісі бар, шығысы жоқ. Құмға құйған судай. Әлемдегі туризм саласы бойынша 140 елдің ішінен 88-ші орынға әзер ілігеді екенбіз. Бұл тым көтеріңкі орын болуы да әбден мүмкін. Еліміздегі Есеп комитетінің берген мәліметіне сүйенсек шетелдерден туристерді тарту үшін өткен жылы 720 миллион теңге бөлініпті. Сонда қане шыққан мүйізіміз? Тіпті «сүт пісірім» жердегі шетелдіктердің де еліміз туралы мәліметі мүлдем жоқ. Олар қайта кеше ғана кеңестің шекпенінен шыққан Қырғызстан мен Өзбекстанды жақсы біледі. Бірақ елімізді білмейтіндері басым. Мұнда келіп қыдырыстауға құлықтары да жоқ. Мақтанып көрсетуге тұрарлық жерлеріміз жоқ емес бар ғой. Алайда туризм үшін бөлінген ақшаға жасалған пиар-кампаниялардан емес, одан гөрі блоггерлердің мәліметінен көбірек біледі екен шетелдіктер. Сонда қамбадан бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? .... деген сұрақ туындайды. VIP санатындағыларды жақсылап қарсылайтын шамамыз бар-ау. «Бірақ, бірақ...» деп басты шайқайтын мәселелер жетіп артылады. Киелі Әулиеата өңірінде басына барып тәу ететін де, зиярат ететін де тарихи орындар жетіп артылады.
Алыстан ат арытып келетіндерді кейде аяйсың да. Тарихи нысандар әжептеуір жөнделіп жұтынып-ақ тұр-ау. Бірақ.... оған баратын жолдың жайын айтыңыз. Шұрқ-тесік. Автобустың терезесінен көрінетін көңілсіз көріністі қосыңыз. Айнала шашылған қалдық. Тал басына ілінген күлеңке. Көзге түсер аумақтың басым бөлігі шетелден келгендер тұрмақ бас қаладан келгендердің өзіне көрсетуге ұялатын көрініске толы. Дегдар қонақтардың өзін күтуге ұялсақ, эконом кластағылардан тіптен қысыласыз. Өйткені дәл осы топтағы қонақтарға арналған сервистің бағасына сапасы сай келмей жатады. Баға аспанға атылып тұр. Қызмет жерге кірердей ұялтады. Эконом-класты саяхатшыларға арналған арзанырақ қонақ үйлер жоқ. Тіпті бағасына сай қызмет көрсету мәдениеті төмен. Тәулігіне 25-50 мың теңге сұрайтын қонақ үйлер бар ау. Бірақ 10 мың теңге тұратыны жоқ екен. Қызмет көрсету бойынша тіпті «екі жұлдызды» қонақ үйге де тартпайды. «Бес жұлдызды» армандамай ақ қоюға да болады. Оның үстіне бізде «мықты дамыған» туризм түрі – жаяу саяхаттау, тауға шығу, атпен серуендеу түрлерін ұсынады екен. Бұл шетелдіктерге таң емес. Елімізге келіп кеткен туристердің айтар арыз тілектері жетіп артылады. Мұны осы салада нәпақасын айырып жүрген туристік компанияның өкілі жеткізді. Нанын айырып жүрген жер болған соң ол компанияның атын айтудан бас тартты. Шетелдіктер ең алдымен дәретханалардың аздығына арыз айтады екен. Ақысыз дәретхана мүлдем жоқ, ақылысының өзі жоқтан бар дейді олар. Оның өзінде не су жоқ, не дәретхана қағазы жоқ. Қол кептіретін құрылғы, сабынның өзін айтпағанда. Туристерді алып жүретін автобус жүргізушілерінің жол ережелерін сақтамайтындығы туралы, дәмханаларда төленген ақшадан қалған бақырларды «ұмытып» кететіндеріне дейін көңілдері толмайтындығын жеткізіпті... Ия, туристер үшін жолдарды жөндерміз, арнаулы әжетханалар салармыз, қызмет сапасын көтерерміз, бірақ қашан?
Пабло КУАР, франциялық саяхатшы:
- Әлемнің әр түкпірін шарлап, саяхаттау менің сүйікті ісім. Қазақстан туралы мен әйгілі боксшыларыңыз арқылы білем. Ғаламторды ақтарып отырып, мен Айша бибі туралы оқыдым. Көргім келді. Арнайы ат басын бұрып келдім. Тарихи нысанның алдынан мен түрлі қолдан жасалған сувенирлер сатып алдым. Жүннен жасалған аппақ түйе ұнады маған... Бірақ расын айтқанда қызмет көрсету жағы тым нашар екен сіздерде. Қонақүйдегі тазалық жағын айтпай-ақ қояйын...
Жұлдыз
Радиосы