Туркестанда кәсіпкердің соты кезінде қос тарап төбелесе жаздады

09 қазан 2021, 09:52

Түркістан облысында 7 жылға сотталған кәсіпкердің үкімін қайта қарап жатқан сот отырысында сотталушының жақтастары мен қарсы тарап жанжалдасып қалды.

 

Камераға түсіруге қарсы болған жәбірленушілерге тілшілердің адвокаттан сұхбат алғаны ұнамай қалыпты. Текетіреске полицияның араласуына тура келді.

 

Жеті жылға сотталған кәсіпкерді қолдауға келген 100-ге тарта адам сот алдына ерте жиналды. Бірақ залда орын аз болып, барлығы ішке кіре алмады.

 

40 минутқа кешігіп басталған апелляциялық сотқа сотталушының өзі де онлайн түрде түрмеде отырып қатысты. Ол өзіне қастысты істің қолдан ұйымдастырылғанына сенімді.

 

Хали Сарманов, жазасын өтеуші:

 

- Қылмысты қудалаудың, жәбірленушілер санын көбейту үшін жәбірленушілерді тарту мақсатында 17-21-қазан 2020 жылы тұрғындарды алдап жинап, полиция, бекетіне жер алып береміз деп арыз жазуды ұйымдастырып, дайын арызға қол қойдырған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық қудалау органдарында жәбірленуші ретінде танылған 174 жәбірленушінің бірде-біреуі кооператив мүшесі болмаған.

 

Сотта жәбірленушілер өзін камераға түсіруге қарсы болды. Олар Хали Сармановтың 7 жылға жазаланғанын әділ деп санайды.

 

Қарсы тарап Сайрам ауданы сотының шешімімен келіспейді. Себебі, құжаттар бұрмаланған дейді адвокаттары.

 

Екі жарым сағатқа созылған сот ісі келесі аптада қайта жалғасады. Ал отырыс аяқтала сала сыртқа шыққан қос тарап бір-біріне шүйлігіп, арты төбелеске ұласа жаздады.

 

- Сен бала, әумин, менің көргенімді сен де көр!

 

- Е, тіліңе қара, е!

 

- Ал, ұр, ұр, тарт, е, қолыңды, әкеңді ...

 

Айқайға аттан қосқан қос тарапты полицейлер мен прокуратура қызметкерлері ажыратып алды.

 

Ал сотталушының ұлы «әкемді бәз біреулер әдейі жарға жығып, мыңдаған гектар жері мен бизнесін тартып алмақшы» деп отыр. 

 

Дәурен Сатыбалдиев, Х.Сармановтың ұлы:

 

- Олар туысқан ретінде рейдерлік әрекет жасап жатыр. Осы Шымкент қаласына жақын жерлерді иеленіп алуға, Нұркөл ЖШС-н иеленіп алуға, «Қайнар» астықты өзіне рейдерлік түрімен алып алмақшы. Сотта айттым, иеленіп отыр. Ары қарай да рейдерлікті жалғастыруда.

 

Жазасын өтеушінің туыстары тергеу кезінде үш рет инсульт алған 69 жастағы зейнеткердің рақымшылыққа іліккенін қалайды.

 

Бірнеше шаруа қожалығының қожайыны Хали Сарманов өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға түсірді деп танылып 7 жылға сотталған.

 

Келесі апелляциялық сот отырысы қазанның 14-не белгіленді.

 

 

 

ktk.kz