Түркиядағы демалыс биылға жаздан бастап екі есе қымбаттауы мүмкін

22 ақпан 2022, 11:00

Түркиядағы демалыс биылғы жазда шетелдік туристер үшін екі есе қымбаттауы мүмкін. Мамандардың болжауынша, танымал туристік бағыттарға турлар құны бірден 50 пайызға көтеріледі. Олар мұны электр қуатының қымбаттауы мен түріктердің ұлттық валютасы – лираның құнсыздануымен байланыстырады. Ал Дубай керісінше туристер үшін қолжетімді бола түседі, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Туроператорлар Түркиядағы тек қонақүйлердің бағасының өзі 50 пайызға көтерілуі мүмкін екенін ескертеді. Бірінші кезекте бұл лираның құнсыздануымен байланысты.

Түрік валютасының құнсыздануы қонақүй шығындарының барлық санаттарына қатты әсер етті, оның ішінде: электр энергиясы, тамақ, алкоголь, тұрмыстық химия бар. Еліміздің туризм саласы өкілдерінің айтуынша, шығындардың көбейгені сонша, олар қонақүйде тұрудың белгіленген бағасын өтей алмай қалған.
"Түркияда қызмет көрсету саласында баға қымбаттады. Инфляцияның өсуіне байланысты қызметкерлердің жалақысына төлейтін қаражат та өскен. Сол себепті Түркиядағы туризм саласы да бағаны өзгертуге мәжбүр. Дегенмен, елге келетін саяхатшылар үшін біз ақша үнемдеуге мүмкіндік береміз. Мысалы, билетті ерте брондау қызметін пайдалана отырып, жеңілдетілген бағамен сатып алуға болады. Жалпы биылғы маусымда демалыс уақытындағы бағалар бұрынғымен салыстырғанда 30-40 пайызға жоғары", - дейді туристер қауымдастығының президенті Фарух Элмалы.