Түркістан әкімі әкімдік ғимараты не үшін арзанға сатылғанына түсінік берді

19 мамыр 2021, 19:56

Түркістан әкімі Рашид Аюпов бұрынғы әкімдік ғимаратының қонақүй ретінде пайдалану үшін сатылуына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

"Кеше әкімдік ғимараты төмен бағамен сатылғаны туралы ақпарат пайда болды. Бірнеше БАҚ өкіліне түсінік бердім. Бірақ, өкінішке қарай айтқан сөздерімді кесіп, басқаша беріпті. Сондықтан жағдайды тікелей тұрғындарға түсіндіруді ұйғардым. Ең алдымен, бағаны әкімдік емес, уәкілетті бағалау ұйымы белгілейтінін ескерген жөн. Бірнеше басқа нұсқаларды қарастырғаннан кейін, қала қонақтарының келуіне байланысты ғимаратты қонақүй ретінде пайдалану туралы шешім қабылданды.

70-ші жылдары салынған ғимарат Қаржы министрлігі жетекшілік ететін арнайы веб-порталдағы бағалау құжаттамасында көрсетілген баға бойынша аукционға шығарылды. Әкімдік сатып алушы, баға немесе сатушы туралы деректерді өзгерте алмайды", - деді Аюпов.

 

Әкімнің айтуынша, бағаны көтеру бойынша аукцион кезінде саудаласу болмаған.

 

"Аукцион өткізу кезінде ғимаратты әкімдік білмейтін тұлға сатып алды. Сайтта ол деректерді көруге мүмкіндік жоқ. Айта кетейік, баға бағалау құнынан бір тиынға да төмендетілмеген.

Біз сатып алу-сату шартын бұзу туралы шешіммен келіспейміз. Сондықтан апелляцияға бердік. Мүдделі тұлғалар пайдасына әділетсіздікке жол бермеу керек. Біз оған жол бере отырып, халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін жүйеге қарсы келетінімізді түсінуіміз керек", - деді әкім.

 

Бұған дейін Түркістанда әкімдік ғимараты қонақүй ретінде сатылғаны хабарланған болатын. Оның алдында шенеуніктер нысанды жөндеп, оған 257 миллион теңге жұмсаған. Сот ғимаратты сату-сатып алу келісімін жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды.