Түркістан облысы тауларында төрт адам жоғалып кетті

23 мамыр 2022, 15:58

Түркістан облысында төрт адам Сусіңген көлінен шығып, тұманның кесірінен демалыс орнына қайта оралмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 

Түркістан облыстық ТЖД-нің хабарлауынша, туристер 22 мамыр күні күндізгі сағат 11-дің шамасында жоғалып кеткен. Із-түссіз жоғалғандарды іздеуге 17 құтқарушы, төрт полицей мен 5 Ұлттық парк қызметкері шықты. 

ТЖД қызметкерлері жоғалғандарды Наутсай шатқалынан 10 шақырым жердегі Құлыншақты ауданынан тапты. Олар бір тәуліктен кейін, келесі күні таңғы 6.30-да құтқарылды. Медициналық көмекті қажет еткен жоқ. 
Құтқарушылар тауға шығатындарға ескерту жасады. Белгісіз бағытпен жүрмеуге, ыңғайлы киім мен арнайы аяқ киім киіп жүруге кеңес берді. Ең бастысы, таулы аймақтың қауіпті екенін естен шығармаңыздар.