Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздік бойынша тұжырымдама таныстырылды

24 мамыр 2023, 08:20

Түркістан облысы ПД мәжіліс залында ҚР ІІМ М.Ахметжановтың тапсырмасына сәйкес «қоғаммен серістестікте қоғамдық қатынастарды қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» тақырыбында іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов төрағалық етіп:
- «Бұл құжат қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полициямен қатар басқа да мемлекеттік органдардың өзара бірлесіп, жұмыс атқаруының бастауы. Яғни тұжырымдамаға сәйкес барлық мүдделі тараптармен әріптестік орнатып, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ашық, жүйелі жұмыс жасау жоспарлануда»-деп атап өтті.
Сондай-ақ шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бәйсен Тәжібаев пен басқа да қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ведомствоаралық топ мүшелері, қала, аудандық полиция бөлім, басқарма бастықтарының бірінші орынбасарлары, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Іс-шара кезінде аталмыш әзірленіп жатқан тұжырымдаманың негізгі тәсілдері мен бастамалары айтылып, түсіндірілді. Бұл бойынша Түркістан облысы ПД Штаб басқармасының бастығы полиция полковнигі С.Сейітхан баяндады. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервиятік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топтың атқарған жұмысы бойынша полиция подполковнигі Б.Ахметов мәлімдеді. Ал облыс орталығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі сервистік моделін іске асыру туралы полиция полковнигі Б.Жанаев жеткізді. Жалпы елімізде ішкі істер органы ең ірі, көпфункционалды әрі асқан жауапкершілікті талап ететін сала. Осы ретте қылмыссыз қоғам құру тек полицияға байланысты емес. Себебі қоғамда орын алып жатқан қылмыстарға түрлі факторлар әсер етеді. Талдау көрсеткендей, қылмыскерлердің 80%-ы жұмыссыз, үштен бірі–бұрын сотталған, адамға қарсы қылмыстардың 50%-ы мас күйінде жасалады екен. Яғни қылмысқа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін барлық тиісті сала қызметкерлері жүйелі жұмыс жасау қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қатысушылар жұмыла әрекет етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет етуге уағдаласты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта Түркістан облысының барлық аумақтарында жалғасады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі