Түркістанға полицейлер керек. Депутат дабыл қақты

11 наурыз 2021, 15:48

Сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында Түркістан облысында полицейлердің жетіспейтіні туралы мәселені көтерді.
Түркістан қаласына қазірдің өзінде жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Сонымен қатар, облыс халқының саны 2 миллионнан асып, халықтың тығыздығы жағынан Қазақстандағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мұның барлығы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тиянақты шараларды қабылдауды талап етеді. Өкініштісі, облыста полиция қызметкерлерінің жалпы саны нормативтерден әлдеқайда төмен, әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есе жоғары, - деді Әли Бектаев.
Ол осы ретте ресми статистикадан мәлімет келтірді. 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны республика бойынша 386 болса, Түркістан облысында – 185. Тіпті халық саны жағынан Түркістан облысынан екі есе аз өңірлерде полиция саны екі есе жоғары.Түркістан облысында полицей санының жеткіліксіздігі этносаралық жанжалға әкеліп соқтыра жаздаған Шорнақ оқиғасы, Арыс қаласындағы оқ-дәрілердің жарылысы, Мақтарал және Төле би аудандарындағы су тасқыны кезінде қатты сезілді. Ал қосымша күштер мен құралдарды басқа өңірлерден көшіру өте көп шығынды талап етеді. Бір мың қызметкерге тәулігіне, шамамен, 39 миллион теңге жұмсау қажет, - деді депутат.

BAQ.KZ