Үкімет отырысында елорда әкімі сөйлеп жатқанда келеңсіз жағдай болды

11 наурыз 2021, 18:42

Бейсенбі күні үкімет отырысында келеңсіз жағдай болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Отырыс таңғы тоғызда басталды. Үкімет мүшелері жиынға әдеттегідей бейнебайланыс арқылы қосылды.

 

Отырыста білім министрі Асхат Аймағамбетов білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Осыдан кейін сөз кезегі Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновке берілді.

 

Елорда әкімі сөйлеп жатқанда бейнебайланыс кенеттен үзіліп кетті.

 

Үкіметте бірнеше минут мүлгіген тыныштық орнады. Техник мамандар байланысты қалпына келтіруге тырысқанмен, Көлгінов үкімет отырысына сол күйі "оралмады".

 

Осыдан кейін премьер-министр Асқар Мамин сөзді Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетовке берді.

 

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда биыл 5G желісі іске қосылатыны хабарланған еді. Ұялы байланыс операторлары пилоттық жобаны бастауға дайын. 2022 жылдың соңында бесінші буындағы желі республикалық маңыздағы қалаларда қосылады. Ал 2025 жылға қарай барлық облыс орталығын қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлімдеген болатын.