"Ұлым лаңкес емес, дәлелім бар": Ақтөбеде оқ тиіп қаза тапқан марқұмның әкесі ұлының мүрдесін қайтаруды сұрайды

23 қаңтар 2022, 11:42

Тәртіпсіздіктер кезінде қайтыс болған ұлының сүйегін іздеп жүрген Бүркіт Жұбаназаров, полицияның "ұлың террорист, қолында қаруы болды" деген сөзін жоққа шығару мақсатында 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына бейнежазба жолдаған. 

Ұлының мәйітін таба алмаған Бүркіт Жұбаназаров 7 қаңтарда қайтыс болған адамды 8 қаңтарда террорист деп таныған құқық қорғау органы ешқандай сот үкімін, видео, фото дәлел көрсеткен жоқ дейді. Сонымен қатар "Балаңыз - террорист, денесі берілмейді" деп шығарып салған көрінеді.

"Тауып берсін. Оқ тесіп кеткен, сенің балаңның қалтасынан наркотик шықты, қасында екі пышақ жатыр деп бізді қайтарып отыр. Жұмысқа кеткен бала. Белгісіз жағдайда ажал құшып отыр", - дейді Руслан Жұбаназаровтың әкесі Бүркіт Жұбаназаров. 

Бүркіт Жұбаназаров, баласының соңғы демі үзілген Ақтөбедегі Әбілхайыр хан көшесінің 27-ші үйінің ауласындағы бейнекамераға түскен видеоны тауыпты. Онда Русланбек Жұбаназаровқа оқ тиіп, қасындағы жігіттердің жараланған азаматты сүйреп, жақын маңдағы үйдің қасына жеткізе алмай жанталасқан сәті көрінеді. Марқұмның әкесінің сөзінше, ұлының қолында қару болмаған, ешқандай дәлелсіз лаңкес деп жала жапқан.

"Ол жерде ешқандай террорлық әрекет жоқ. Қашып келе жатқан балалар, оқтан қашып, жауыздықтан қашып келе жатқан балалар. Менің баламды қорғаймын, өлігін далаға тастамайық деп сүйреткен ол балаларға да рахмет", - дейді Бүркіт Жұбаназаров.

Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаментінде тек қақтығыс кезінде террористік акцияның бір қатысушысының көзі жойылғанын мәлімдеген.

Оның үстіне Ақтөбе облыстық ПД ресми түрде "бір лаңкестің көзін жойдық" деген хабары да қаралы отбасыны одан ары қамықтырған. Құран оқитын қабірін таппай отырғанымыз аздай, енді ұлымның атын қаралап жатыр дейді Бүркіт Жұбаназаров. Марқұмның әкесі ұсынған бейнекадрлар Ақтөбе облыстық полиция департаментіне, ІІМ, Ақтөбе облыстық прокуратурасына да жолданған.