"URKER - 2022" Ұлттық бәйгесінде Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия беріледі

06 қазан 2022, 21:07

Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтау үшін "URKER - 2022" Ұлттық бәйгесіне өтінімдер қабылдау басталды, - деп хабарлайды  тілшісі.

Байқауға өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 30 қыркүйектен бастап 19 қазанға дейін жүзеге асырылады.

 
Конкурстық жұмыстар 2021 жылғы 2 маусым мен 2022 жылғы 29 қыркүйек аралығында жарияланып, басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер бәйгенің тек екі номинациясына қатысуға құқылы. 

Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 10 номинация бойынша қабылданады:

Жылдың үздік сұхбаты;
Жылдың үздік репортажы;
Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал;
Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
Жылдың үздік аналитикалық материалы;
Халықаралық тақырыптағы үздік материал;
Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
Радиостанциядағы үздік жоба;
Жылдың үздік фотосуреті;
Үздік өңірлік БАҚ.
Сондай-ақ, байқауда Ахмет Байтұрсынов, Шерхан Мұртаза, Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия ұсынылады. 

Айта кетейік, URKER - баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі, аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.