«Ұшақпен дәрі шашып жатыр» деген жігіт ұсталып кешірім сұрады

30 шілде 2021, 19:49

«WhatsApp» желісінде «АН-2» маркалы ұшақтарын түсірген бейне жазба мен белгісіз ер адамның «ұшақтар дәрі шашып жатыр, соған байланысты жиналамыз...» деп айтып жатқан аудио жазбасы таралды. 

 

Бұл бейнежазба бойынша Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлерімен тиісті жұмыстар жүзеге асырылды. 

 

Полицейлердің анықтауы бойынша «АН-2» ұшақтары Ордабасы ауданы Қараспан ауылдық округінің маңына қонған. Аталмыш ұшақтар Шымкент қаласының тұрғыны, яғни ЖШС-лардың бірінің иесіне тиесілі екені белгілі болды.

 

ЖШС иесі Қара аспан ауылдық округінің маңынан жалға алған егістік алқапқа тыңайтқыш шашу үшін әкелген. Аталмыш ұшақтар келесі жылдың көктеміне дейін сол маңда тұрып, егістікке пайдаланылатын болады.  

 

Сондай-ақ полицейлердің тиянақты жұмыстарының нәтижесінде жалған ақпар таратқан жігіт те анықталды. Ол Қара аспан ауылдық округінің тұрғыны болып шықты.

 

Бүгінгі таңда Ордабасы АПБ полицейлерімен ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Ер азамат өзінің жасаған кінәсін толығымен мойындап, барша тұрғындардан кешірім сұрады. 

 

Полицейлер ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта жалған ақпар таратпау мен расталмаған қауесет сөздерге сенбеу  қажеттілігін айтты.

 

 

 

Oinet.kz