"Вокзал мен метрода түнейді". Алматыда үйсіз жүрген студенттердің видеосы тарады

05 қыркүйек 2022, 19:11

Алматыда жалдамалы пәтерлердің шектен тыс қымбаттағаны соншалық, студенттер көшеде ұйықтап, метро мен вокзалда түнеуге мәжбүр. Ал жатақхана мәселесінің қазір қиындап кеткені мәлім. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада үй-күйсіз жүрген жастардың жағдайы көпшіліктің ашуын тудырды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

 

Бұл видеода Алматыға оқуға келген қыз-жігіттер көше бойында киім-кешектерін арқалап, түн ішінде ары-бері сенделіп жүргенін аңғаруға болады. Бұл бейнежазбаны Ғабит Тоқсанбаев есімді Facebook қолданушысы өзінің жеке парақшасына жүктеп, пәтер таппай жүрген студенттердің қазіргі жағдайын ашық жазыпты.

 

"Жастар болашағымыз" деген құр ұран екені мына видеодан көрініп тұр. Алматыдағы жатын орын іздеп жүрген студенттер... Сұрау жүргізгенде көбінің метрода, вокзалда, көшедегі орындықта түнеп жүргені белгілі болды. Пəтер ақысы 200 мың, оған қалталары көтермейді. Бұлар не істеу керек?", — деп жазды желі қолданушысы.

 

Бұл мәселені "Дәулеттен" атымен танылған блогер Дәулет Мұқаев та әлеуметтік желіде жиі қозғайды. Оның дәл осы тақырыпқа қатысты бейнежазбасына зер салсақ, Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің шектен тыс қымбаттауы тамыздың ортасынан басталған.

 

"Қараңыздаршы, Алматы қаласы бойынша баға деген шарықтап кеткен. Бұл жерде ең сорақысы, студенттер десең студенттерді алмайды, жас отбасы десең оларды алмайды, баламыз бар десең оларды да алмайды. Білмеймін сонда кімдерді алады? Пәтерлердің бір айлық жалдамалы ақысына қарасаңыз, 1 бөлмелі пәтер 170 мың, 47 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтер 300 мың теңге. 1960 жылдары салынған пәтерлердің өзі 300 мыңға тұр. Баға деген сұмдық енді. Білмеймін, мұны кім бақылайды, ешкім жауапкершілікті алғысы келмейді. Студенттер ол үй таба алмай жүр. Студент кезімде менің де басымнан өткен. Бірақ студенттерге қиын, өте қымбат", — дейді блогер.

 

Дәл қазір krisha.kz-те Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің құны анық жазылған. Мәселен, 1 бөлмелі пәтер 160 мың теңге, 2 бөлмелі 250 мың, ал 3 бөлмелі пәтер 330 мыңнан басталады.