Мәселе

Зиялылар не дейді? Серікжан сөзге тоқтай ма?

  • Зиялылар не дейді? Серікжан сөзге тоқтай ма?

    Зиялылар не дейді? Серікжан сөзге тоқтай ма?

Күні кеше ғана ақпарат құралдары қазақ зиялыларының шеттегі қандастар мәселесіне қатысты үшбу хатын жариялады. «Serke.org» сайты мен «Адырна ұлттық порталы» әлгі хатты «Шаханов бастаған зиялылар «Атажұртқа» қарсы шықты» деген тақырыппен берді. Ал «Abai.kz» ақпараттық порталы зиялылардың хатын түпнұсқадағы тақырыппен жариялады. «Оралмандар қашанғы опық жейді?» атты ашық хат Президентке, Үкімет пен Парламентке және жалпақ жұртшылыққа қарата жазылған екен.


Онда Қытайдағы қандастардың қиын жағдайы, екі айырылған жанұяның бірігуі, екі арадағы күрделі мәселелердің шешілуі секілді бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыптар қамтылған.


Соның ішінде мемлекетаралық деңгейде шешілуі тиіс мәселені, шекараның шетіндегі қазақтың басын бәйгеге тіге отырып, айқай дабырамен шешкісі келетін кейбір бейресми ұйымдарды та тілге тиек еткен екен.


Хатқа Мұхтар Шаханов, Мекемтас Мырзахметов, Ғаббас Қабышұлы, Темірхан Медетбек секілді ақсақалдар бастап, Айдос Сарым, Расул Жұмалы қатарлы қоғамның сергек саналы азаматтары қостап, ұзын-ырғасы 17 адам қол қойған.


Аталған мақала ақпарат құралдарында қызу талқыланды. Әлемжелі қолданушыларының да пікірі екіге жарылды. Хатта есім-сойлары ерекше аталған аға буын зиялы қауым хаттың мазмұнымен таныспаған болуы мүмкін деген, Серікжан Біләшұлы бастаған азаматтарды қаралау мақсатында жазылды деген сөздер де айтылды.


Жалпы Серікжан Біләшұлына қатысты жұрт ішінде алып-қашпа әңгіме көп. Күні кешеге дейін «Жарқын Жеті» деген псевдо есіммен жұмыс істеген Серікжан Біләшұлының түпкі мақсаты қандай екені белгісіздеу... Сондықтан болар, оның ұлтына, діни сеніміне, ұстанымына қатысты болжам сөз көп.


Белгілі ғалым Зікірия Жандарбектің: «Жарқын Жеті – қандастар арасындағы уаххабилік бағыттың көсемі» атты мақаласы жария болған еді.


Бұдан бөлек, Әділет Әділмұраттың «Жарқын Жеті деген кім? Ағартушы ма, әлде арандатушы ма?» атты мақаласы ғаламторда қызу талқыланған.


Ал «Mezgil.kz» сайты жариялаған «Сіз кімсіз, Жарқын Жеті?» атты мақала да Серікжан Біләшұлының шынайы болмысын тануға бағытталса керек.


Ал 2017 жылы «Караван» сайты «Жарқын 7 немесе қазақтарды арандатып, Қытайдағы отты үрлеп отырған құпия адамдар кімдер?» атты мақала жариялаған екен.


Жоғарыдағы Шаханов бастаған зиялы топтың да қаузап отырған мәселесінің бір парасы Қытайдағы қандастар мәселесінде арадағы арандатушы адамдардың іс-тірлігіне тоқтау салып, ұлттық мүддеде бірігіп жұмыс жасауды меңзейді.


Сонымен, жоғарыдағы зиялылардың ашық хаты ақпаратқа шығысымен, жұрт пікірі екіге жарылды. Біз де осы ретте, әлгі үшбу хатқа қол қойған азаматтарға хабарласып, мәселенің мән-жайын білдік. Бұл хатты жариялаудағы ұстанған позициясы мен көтермек болған мәселесі қандай?


Қытайдың жымысқы саясатын жүргізуі мүмкін...


 Әзімбай Ғали, демограф, саясаттанушы:


- Жалпы бұл хатқа қол қоюдағы ойым біреу-ақ, ол – шеттегі қазақтың аман-есен елге келуі. Қазір Қытайда да, біздің елде де оралман қазақтың құжаттық және басқа да мәселелерін шешуге кедергілер көп.


Шындығына келсек, Қытай билігі ол жақтағы қазақтардың Қазақстанға көшіп кеткенін, Қазақстан халқының көбейгенін қаламайды. Ол анық. Сондықтан да түрлі кедергілер, қиындықтар туындатып отыр.


Ал енді шекара асып келген қазақтың құжаттарын тіркеу мәселесінде біздің билік те әртүрлі қиындықтар тудырып отыр. Біресе сотталғаны туралы анықтама сұратты. Біресе басқасын сұратты. Мысалы, 1959-1962 жылдары қазақтар үдере көшіп келді ғой. Шамамен 100 мыңнан астамы келді сол кезде. Кеңестік билік болса да, сол кезде ешқандай проблема туған жоқ.


Сондықтан біз формальдық талаптарды көбейтпей, келген қазақтың бар құжатын тіркеп беруіміз керек. Білуімше, қазірдің өзінде қанша қазақ құжатсыз жүр, тіркеусіз жүр. Олар не медициналық, не әлеуметтік көмек ала алмайды. Не жұмысқа тұра алмайды. Біз сондай мәселелерді тезірек шешіп беруіміз керек. Қазір Қытай билігі ол жақтағы қазақтарды жаншып, таптап жатыр. Біз де мына жақта жығылғанға жұдырық болмауымыз керек.


Бұл мәселені айтып, көтеріп жүрген ұйымдар көп. Мүмкін олар да арнайы ұйымдастырылған ұйымның бірі шығар. Мен олардың саяси бағытын білмеймін. Олардың ішінде де кейбіреулері Қытайдың жымысқы саясатын жүргізуі мүмкін. Жалпы мен жалғыз ғана критериймен бағалаймын. Ол – шеттегі қазақтың атажұртқа келуіне кім кедергі келтіреді (әртүрлі жолмен), сол саяси бұрыс ұйым.


Жеке басым, оларды танымаймын. Білетінім Қытайдағы қазақтың мәселесін көтеріп, айтып жүр. Бірақ, өзара тартыстары көп секілді. Ол жігіттер қате позицияда болуы мүмкін. Бірақ, олар да еңбек етіп жатыр.


Менің бұл хатқа қол қоюдағы мақсатым да сол – шеттегі қазақтың жағдайын жеңілдету. Ал кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, оны уақыт көрсетеді.


Мен хатқа қол қойғанымды растаймын. Ол хаттың мазмұнымен де танысып шыққанмын. Мен демографпын. Маған қазақтың көбейгені керек.


Серікжан өте жұмбақ адам


 Сәуле Әбілдаханқызы, журналист:


- Бұл хатты маған Құдияр Біләл жіберді. Мен оқып, танысып шықтым. Екі қолымды көтеріп қолдаймын. Неге? Хатты оқып отырып, әрбір сөйлемге «иә, солай» деп іштей коммент беріп отырдым. Өйткені, әрбір сөйлемде ешқандай өтірік сөз жоқ. Бәрі рас. Бәрі шын.


Мен «Атажұрттықтарды», Серікжан Біләш деген адамды білемін. Бірге жұмыс жасадым. Серікжан Біләш деген азаматтың мәселесіне аз тоқтала кеткенді жөн деп есептеймін.


Серікжан Біләштің кез келген адамды сөзбен арбап, алдап алатынын, сөзге жүйрік адам екенін көзімізбен көрдік. Екі ай қасында бірге болдық. Ол ұзын тілді, қызыл сөздің адамы. Неше түрлі фейк аттармен әлеуметтік желілерге кіріп, бықсық сөздерді таратып отыратынын білдік.


Егер бұл жігіттер шын мәнінде қандастардың, қазақтың, ұлттың мәселесіне жаны ашыса, соған жүрегі ауыратын болса, бірінші кезекте ауызбіршілікке жұмыс жасауы керек еді.


Ал бұл жігіттердің бар білетіні біреуді біреуге айдап салу, арандату ғана. Бұл азаматтардың ішінде де өзара талас-тартыс көп. Ру-руға, жік-жікке бөлінушілік бар.


Сайрагүл Сауытбайдың ісінде де, қандастардың арыздарын жинау ісінде де олардың қалай жұмыс жасайтынын көрдік. Заңгер ретінде Абзал Құспан, журналист ретінде мен, араластық. Бұрын жергілікті қазақтар осы «Атажұрт» деген ұйымның бар екені білмейтін де. Жалпы олардың сөзі басқа, ісі басқа екені рас.


Халықаралық маңызды істерде қызыл сөздің керегі шамалы. Бұл заңды түрде, сауатты түрде, құқықтық деңгейде, мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселелер. Әрине, ақпарат тарату керек. Қолыңда ақпарат бар ма, тарат. Бірақ лаң тудырма. «Атажұрт» пен Серікжан Біләш жергілікті қазақ пен оралман қазақты бір-біріне айдап салып, ортада негативті пікір тудырып отырған шындық. Тіпті, қазір жергілікті қазақтардың ішінде де «Атажұртты» жақтаушылар мен даттаушылар болып бөлініп кетті.


Жалпы Серікжан Біләш мен үшін өте бір жұмбақ адам. Әншейінде Марғұлан Сейсембайларды қудалағыш құзырлы биліктің құзыры жетпейтін қандай адам бұл? Мен саясаткер емеспін, бірақ Серікжанға келгенде, түсінбейтін дүниелер көп.


Серікжанға қатысты білетінім тоғыз болса, білмейтінім тоқсан тоғыз. Фейк аккаунттар ашып алып отырады. Аузына келгенді көкіп, ел ішінде, азаматтар арасында лаң тудырып отырады. Одан қалса, «анау шпион, мынау шпион» деп жұртты қаралайды кеп.


Шын мәнінде қазақтың мүддесін ойлайтын адам, бірінші кезекте ауызбіршілікті ойлайды. Араздық тудырмайды, лаң салмайды.


Сондықтан да, мен хатты толық оқып, танысып шыққаннан соң, хатқа қол қойдым.


Мәселе кім қол қойғандығында емес...


 Көпен Әмірбек, сатирик, жазушы:


- Шеттегі ағайынның қаны қазақ қой, енді. Біздің бауырымыз. Олар біздің бауыр етіміз. Жүрегіміз деп айтамыз. Енді, сондай жүректі шымырлататын мәселе оң шешімін тапса деген ниет. Әйтпесе, біреуді мұқатайын, кекетейін, ғайбаттайын деген нәрсе емес.


Бұл таза ұлттық мүддеден қол қойған ұлағатты тірлік деп есептеймін. Олар неге шеттеп қала беруге тиіс? Шекесі қызып жүрген жоқ қой. Сондықтан шет елде жүрген бауырларымыздың шекесін қалай қыздырсақ деген бізде бір-ақ мүдде болды. Осы мәселе.


Қазіргі өзекті мәселе ғой. Оған сен қол қойсаң да, мен қол қойсам да мейлі. Мәселе кім қол қойғанында емес. Ол былайша айтқанда қоздап тұрған шоқ сияқты ғой, енді. Оны сөндіріп алмай, анда-санда үрлеп тұру керек. Хатпен танысып шыққам.


Серікжан Мұхтар ағаның айтқанына ұйысу керек


 Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:


- Хатпен танысып шықтым. Қол қойғаным рас. Енді бұл жердегі ең негізгі мәселе – Қытайдағы қандастар мәселесінде бірізділік керек. Ұлттық бағытта жүрген ұйымдармен ортақ іс-қимыл болғанын қалаймын.


Енді қазір кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені белгісіз, алып-қашпа әңгіме көп. Ал, бұл жерде белгілі бір нәтиже болу үшін, ұлттық ұйымдардың барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаны дүрыс.


Сондықтан Мұхтар ағамыз осындай бастама көтерді. Біз қолдадық. Қытайдағы қандастар мәселесінде біріншіден, бірізділік болсын, екіншіден қысқа мерзімді бір тактикалық дүниелер емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар болсын дедік.


Біздің мақсат – біреуді айыптау емес, Қытайдағы қандастарға қандай да болсын пайдамыз тигізу керек дегенде, құп алдым. Қол қойғаным рас. Сондықтан Мұхтар ағаның осы бастамасы дұрыс деп ойлаймын.


...Иә, мен Серікжанды да танимын. Бұл жерде Серікжан Мұхтар аға үлкен мәселе көтеріп, тоқтау айтқан кезде бірлесу керекпіз. Ортақ бірігіп қимыл етуіміз керек. Жігіттер Мұхтар ағаның айтқанына ұйысу керек.


Саясат деген күрделі мәселе ғой. Оның үстіне, әрбір қате қимыл, қисық әрекет, ең бірінші Қытайдағы қандастарымызға кері әсерін тигізеді. Сондықтан бұл жерде өте сақ болған жөн.


Соңғы кезде көріп жатырмыз, үлкен спортшыларды да араластырауға тырысып жатыр. Бірақ, жеке спортшы Қытайдағы бүкіл қандастың мәселесін шешіп бермейді. Ол да Қытайдағы қандастарға кері әсерін тигізеді.


Ал, Мұхтар ағаның айтқанына Серікжан да ренжи қоймас. Ол кісі оған дейін де айтты ғой, «мен екеуін де шақырдым, сөйлестік», - деді. Сондықтан алдағы уақытта да, осындай кеңесулер болу керек. Түпкі мақсат – Қытайдағы қандастардың мәселесі. Соның оңтайлы шешілуі.


Дәл қазіргі уақытта Қытаймен жауласып, оларды айыптап, Қытайды таспен ұрып ондағы екі-үш миллион қазақты көшіріп алуымыз қиын. Белгілі бір мөлшерін көшіріп алсақ, қалғаны қалады. Сондықтан саясатты ойнғаннан бұрын, солардың жағдайларын ойлау керек. Себебі, біз осы жақтан Қытайды жамандай бергенмен олар ана жақтағы қазақтарды қыса берсе қалай болады? Ол да кері әсерін тигізеді. Сондықтан дәл қазір екі миллион қазақты көшіріп ала алмаймыз ба, онда сол екі миллион қазақтың сол жақтағы мәдениетін, тілін, мектебін, әдебиетін сақтап қалуға жағдай жасау керек. Оның бәрін сақтап қалу үшін біз бәрібір, Қытай билігімен белгілі бір дәрежеде бір ымыраға келу керекпіз. Осының бәрі терең, әккі қимылдарды талап етеді.


Сондықтан Серікжанның үстіртін іс-қимылдары барлық кезде дұрыс емес.


«Атажұрт еріктелері» бұл мәселеге байыппен қараған жөн


Құдияр Біләл, жазушы:


- Қазір түрлі пікірлер айтылып жүр. Оралмандар мәселесі бойынша Мұхтар Шаханов 2007 жылы депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол кісі содан бері бұл жәйтті назардан тыс қалдырған емес.


Ал хатқа келер болсақ, қол қойған азаматтар хаттың мазмұнымен толық танысып шыққан. Қол қойған түпнұсқа біздің қолымызда.


Мәлімдеменің мәні – ауызбіршілік. Оралмандар қазір бір-бірімен жауығып кетті. Мұхтар ағаның алдына келіп, осы мәселеге араласуын сұраған қандастарымыз аз емес. Бір-бірін «Қытайдың жансызы» дейтіндер әуелі осы оралмандар аузымен айтыла бастады.


Біздің мақсатымыз – сол келеңсіздікке тоқтау салу. Сондықтан «Атажұрт еріктелері» бұл мәселеге байыппен қараған жөн.


Түйін. Біз аталған хатты ұйысдастырған Мұхтар Шахановқа хабарласып ек, пікір білдіруден бас тартты. «Мен қандастар мәселесінде бірнеше мәлімдеме жасағанмын. Бұл тақырыпқа бүгін ғана келіп отырған жоқпын. Айтар ойымды айттым. Қайталап жатпаймын. Менің пікірім Құдияр Біләлдің пікірімен бірдей-ақ», деді.


Abai.kz




Көрілген: 524    Пікірлер: 0

жұма, 01.02.2019, 19:55

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30