579 млн жалақы: "Барыстың" канадалық ойыншысы Қуат Найманның ашуына тиді

20 мамыр 2021, 18:29

Қазақстандық аралас жекпе-жектің атышулы спортшысы Қуат Хамитов қазақстандық "Барыс" хоккей клубының капитаны Даррен Дицтің жалақысының мөлшері туралы айтты деп хабарлайды Sports.kz.

 

"Бұл халықтың ақшасына барлығының түкіргені бар деген сөз", – деп "Найман" Sports.kz порталының Instagram-да жариялаған жаңалығына пікір білдірді.

 

Еске сала кетейік, ресейлік "Спорт-Экспресс" мәліметі бойынша Диц жылына 579 миллион теңге алады, бұл бүкіл Құрлықтық хоккей лигасындағы екінші көрсеткіш болып табылады.

 

 

Хамитовке келер болсақ, ол келесі жекпе-жегін 19 маусымда Атырауда Роман Головиновқа қарсы өткізеді. Бұған дейін спортшы өзінің алдағы жекпе-жегі жөнінде ресми мәлімдеме жасады.

 

"Ресми! Біз келесі жекпе-жекке дайындықты бастадық! Өтетін орны мен уақытын жақында жариялаймыз", – деп жазды Хамитов өз парақшасында.

 

Айта кеткен жөн, "Найман" лақап атымен танылған Қуат Хамитов 2021 жылдың 22 қаңтарында Ресейдегі аралас жекпе-жектен AMC Fight Nights турнирінің бірінші раундында қарсыласы Максим Пантелеевты нокаутқа түсірген болатын.

 

Осылайша, отандасымыз өзінің кәсіби мансабындағы 20-жеңіске қол жеткізді.  Оған қоса, қазақстандық "жауынгердің" алдымен Магомед Магомедовпен, кейіннен Алексей Ильенкомен жекпе-жекке шығатыны хабарланды. Алайда кездесуге санаулы сәттер қалғанда оның қарсыласын ауыстырып жіберген.

 

Сонымен қатар, Қуат Хамитов Ресейдегі жеңісін марқұм даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровке арнады.

 

 

kaz.nur.kz