Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ақ Азиада – арманым

01 маусым 2011, 15:45

Насихатталуы көңiлдегiдей болмай жатқан 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру және өткiзу комитетi жалындаған жастардың көмегiне сүйенбек. Осынау дүбiрлi доданы насихаттау мен өткiзу барысында жастарға сенiм артылып, жiгерлi жастарды жұмылдыруға айрықша көңiл бөлiнетiн болады. Өйткенi жастар дегенiмiз, ол – үлкен аудитория, ауқымды күш. Осы мақсатта күлiмдеген көктемнiң бiрiншi күнi алғашқы қадам жасалып, алғашқы шара жүзеге асырылды.
2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру және өткiзу комитетi Қазақстан КВН одағымен бiрiгiп, осынау маңызды шараны өткiзуге жастарды тартуға кiрiстi. 1 наурыз күнi әсем Алматыдағы Республика сарайында болған Қазақстан КВН одағының маусымашар фестивалiнде 2011 жылы елiмiзде елеулi бiр оқиға болатындығы жария етiлдi. Бұған дейiн қысқы Азия ойындары алып құрлықтың шығыс бөлiгiндегi алпауыт елдерде ғана, атап айтқанда, Қытай, Жапония және Оңтүстiк Корея мемлекеттерiнде өткiзiлiп келсе, ендi тұңғыш рет қазақ топырағында өтпек. Қазекем айтқандай, «аш бала тоқ баламен ойнамайды». Яғни тұрмысы жұтаң, экономикасы әлсiз елдер мұндай кешендi доданы өткiзуге ниеттенбейдi де. Ниеттенiп, өтiнiш бiлдiрсе де, оларға құзырлы органдар (нақтырақ айтқанда, Азия олимпиада кеңесi) мұндай мәртебенi сенiм артып тапсырмайды да. Әлбетте, мұндай жауапты шараны тек әлеуетi жоғары, саяси жағдайы тұрақты, экономикасы дамыған елдерге сенiп тапсырады. Посткеңестiк кеңiстiкте мұндай спорттық iрi дода алғаш рет Қазақстанға сенiп тапсырылды. Алғаш рет қазақ жерiнде өтпек. Мұны жастар жете түсiнуi һәм мақтан тұтуы керек, әрине. Ал көзi ашық, көкiрегi ояу жастар мұны түсiнбейдi емес, бiледi. Ең бастысы, Қазақстан жастары мұндай игiлiктi бастаманы қолдайды. Тiптi Астана мен Алматыда өтетiн VII Қысқы Азия ойындары кезiнде өздерiнiң басқа бiр қырларынан танылып, бiлiмдерi мен мәдениеттерiн кәдеге асыруға болатын жаңа мүмкiндiк екенiн де сезедi.
Бұл тұрғыда 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының Алматы қалалық ұйымдастыру және өткiзу комитетiнiң директоры Сұлтанмахмұт Шоқбытов:
– 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын насихаттау мен өткiзуде жастарға үлкен сенiм артамыз. Көрермендерi мен жанкүйерлерi көп қазақ тiлiндегi КВН арқылы Ақ Азиаданы жастарға кеңiнен насихаттауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ VII Қысқы Азия ойындары кезiнде жастардың көмегiне арқа сүйемекпiз. Ол кезде жастардың ерiктiлер (волонтерлер) ретiнде де, жанкүйерлер ретiнде де атқаратын рөлi өте жоғары болады. Бiздiң елiмiзде жастар көп. Ал волонтерлiкке солардың iшiнен нағыз үздiктерiн iрiктеп алатын боламыз. Бұл тұрғыда шетелдiктерге мәдениеттi түрде қалай қызмет көрсету керек екендiгiн егжей-тегжей үйретемiз. Бүгiнгi шара – жастармен бiрiгудi ойластырып отырған жоспарымыздың алғашқы қадамы ғана. Алда бiрлесiп атқаратын жұмыстар көп. Болашақ жастардiкi деймiз, ендеше, 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары да – жастар қолдайтын, жастар белсене араласатын маңызды шаруа, – деп мәлiмдеме жасады.
Қызықты өткен КВН фестивалi соңында 2011 жылғы Азия ойындарының Алматы қалалық ұйымдастыру және өткiзу комитетiнiң директоры С.Шоқбытов Қазақстан КВН одағының президентi Есен Елеукенге VII Қысқы Азиаданың ресми туын табыс еттi. Ақ Азиаданың ақ туын қолына алған Е.Елеукен:
– Қазақстан КВН одағы екi жыл бойы 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын кеңiнен насихатауға белсене атсалысады. 2010 жылғы сайыстарымыздың бәрi Ақ Азиадаға арналады. Аймақтық және республикалық көлемдегi барлық КВН сайыстарының тақырыбы 2011 жылғы қысқы Азия ойындары болады. Бiз Ақ Азиаданы қолдаймыз, – деп түйiндедi сөзiн.
Сөйтiп, 2011 жылғы Ақ Азиада өзiнiң сенiмдi серiгiн тапты. Ақ Азиаданы қазақтiлдi жастар арасында насихаттау қолға алынды. Құптарлық iс. Ал жастар «Ақ Азиада – арманым» деп, елiмiздiң абыройын өсiретiн, ұлтымыздың мерейiн тасытатын маңызды iстi қызу қолдауда.