«Ақылға қонымсыз»: Альберт Линдердің анасы қылмыстық істің тоқтатылғанына сене алар емес

09 желтоқсан 2021, 05:34

Ауыр атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионы Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Prosports.kz.

 
Әзірге қылмыстық істің не себепті жабылғаны белгісіз. Полиция спортшының өлімінен соң  Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Сергей Седовқа ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

«Айтарға сөзім жоқ. ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» 105-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс айғақтардың жеткіліксіз болуына байланысты тоқтатылды. Тергеуші Самат Сағатов бас бапкер Сергей Седовтың кінәсін мойындамағанын, Альберттің өзіне қол жұмсауына еш қатысы жоғын айтқанын алға сүйреп отыр. Маған істің жабылғаны туралы ресми хабарландыру келді. Бірақ әлі күнге дейін баламның өліміне кінәлілер жазаларын алмай, жер басып, тайраңдап жүретіні миыма қонар емес.

Седовтың баламды ұрғанын көрген куәгерлер мен бар мән-жайды білген балалардан жарытып ештеңе сұрамаған. Седовтан тек Альберт емес, екінші ұлым Семен де, олимпиада жүлдегерлері Карина Горичева мен Игорь Сон да жапа шеккен. Тіпті, Сон ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесуде Седовтың қол көтергінен жеке айтқан. Осыдан кейін қалайша тергеу істі тоқтатқанын түсінбеймін», - дейді марқұм Альберт Линдердің анасы Наталья Линдер.