Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алда – бір миллиондық айқас

19 сәуір 2011, 10:57

Еліміздің «Астана арландары» кәсіпқой командасы дүниежүзілік бокс сериясының (WSВ) жартылай финалы аясында Лос-Анжелестің «матадорларын» жауапты жекпе-жек кешінде де жеңіп, финалға жолдама алды. Енді жерлестеріміз мамырдың 6-сы және 7-сі күндері Қытайдың Гуйжу қаласында Францияның «Париж Юнайтед» командасымен текетіреседі.
«Лос-Анжелес матадорлары» (АҚШ) – «Астана арландары» (Қазақстан) – 2:3
54 келі: Фернандо Мартинес (Ар­ген­ти­на) – Қанат Әбутәліпов (Қазақстан) – 1:2 (47:48, 48:47, 46:49)
61 келі: Эрик Флорес (АҚШ) – Ержан Мусафиров (Қазақстан) – 3:0 (48:47, 49:46, 49:46)
73 келі: Кристоферу Персон (АҚШ) – Бақыт Сәрсекбаев (Қазақстан) – 2:1 (48:47, 49:46, 45:50)
85 келі: Элбера Пассос (Бразилия) – Марат Молдагереев (Қазақстан) – 0:3 (47:48, 47:48, 47:48)
91+ келі: Хавьера Торрес (АҚШ) – Иштван Бернард (Венгрия) – 1:2 (47:48, 48:47, 47:48)
«Париж Юнайтед» (Франция) – «Баку оттары» (Әзірбайжан) – 5:0
Негізі, жартылай финалдың алғашқы теке­тіресінен кейін отандық мамандар ақтық сында Қазақстанның «Астана ар­лан­дары» мен Әзірбайжанның «Баку оттары» жұдырықтасады деп болжаған. Біз де солай ойлағанбыз. Себебі бірінші жекпе-жек кешінде «Астана арландары» өз же­рін­де АҚШ командасын 4:1 есебімен жең­се, «Баку оттары» да дәл осындай есеппен өз шаршы алаңында «Париж Юнайтедтен» ба­сым түскен. Алайда Парижде өткен жек­пе-жек кешінде шаршы алаң қожайын­да­ры Әзірбайжан командасын тас-талқан етіп ұтты. Есеп– 5:0.
Ал Астананың «арландары» елордада басталған жеңісті жолды Калифорния штатында да жалғастырды. Рас, бұл жолы қарсыластарымыз біраз қарсылық көрсетіп бақты. Бірінші құрамдарымен Астанаға келіп, оңбай таяқ жесе де, екінші құ­рам­дары бапкерлердің біраз «шашын ағарт­ты». Тіпті бұған дейін жеңілістің кермек дәмін  татып көрмеген Ержан Мусафи­ров­тың өзі де жеңіліске мойынсұнуға мәжбүр бол­ды. Басты үмітіміз Бақыт Сәрсекбаев та күт­пеген жерден жеңіліп қалды. WSВ-нің жеке рейтингінде 1-орын иемденген Ер­жан осы рейтингте 25-орынға тұрақтаған Эрик Фло­рес­тен жеңіліп қалса, рейтингте үздік үш­тіктің қатарына кіретін Бақыт 16-орын­дағы Кристофер Пирсоннан 1:2 есе­бі­мен тізе бүкті. Де­ген­мен бұл жеңі­ліс­терді де ақтап шығуға болатын шығар. Олай дейтініміз, бұл жекпе-жек кешінде барлық айқастарда да тек АҚШ төрешілері төрелік етті. Әлбетте кейбір сәттерде есептің шар­шы алаң қо­жайындарының пайдасына шешіл­генін осы­мен түсіндіруге болатын шығар. Ал «не­ліктен тек АҚШ төрешілері ғана төрелік етті?» деген сұрақты «Астана арлан­дары» ко­мандасының спорт менед­же­рі Нұрғазы Бө­бербаевтан сұрап, мы­на­дай жауап алдық:
– Калифорния заңы бойынша басқа штаттың төрешілері жекпе-жектерге қа­зылық ете береді екен. Сондай-ақ, бір қы­зы­ғы, бұларда ереже де сәл басқашалау сияқ­ты. Біз толығымен WSВ ережесіне сүйен­­сек, олар тағы да қосымша ережелер шы­ғарып алған. Дегенмен финалға жол­дама алғанымызға қуаныштымын, – деді Нұр­ғазы Бөбербаев.
– Ал жекпе-жек қорытындысы заң­ды деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте. Ең бастысы, финалға шық­тық қой. Бірақ өз басым фавориттер же­ңі­ліп қалады деп ойлаған жоқ едім. Му­са­фи­ров пен Сәрсекбаев жеңістен басты үміт­тілеріміз болған. Керісінше Марат Мол­дагереев пен Иштван Бернард жеңіске жетіп, таңғалдырды.
Иә, расында да, Марат пен Иштван жа­рады. Алғашқысы Элбер Пассосты тө­ре­ші­лердің бірауызды шешімімен 3:0 есебімен жең­се, соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың 20 қарашасында көтерілген вен­гри­ялық легионеріміз Иштван Бернард 2:1 есебімен Хавьер Торрестен басым түсті. Ал ең жеңіл салмақта Қанат Әбутәліпов тар­тыс­ты өткен айқаста шаршы алаң иелерінің ар­гентиналық легионері Фернандо Мар­тинесті 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді финалда Еуропа аймағының же­ңім­пазы «Париж Юнайтед» командасымен теке­тіресеміз. Бұлар да әлеуеті жоғары ко­мандалар санатына жатады. Екі боксшысы же­келей сынның финалдық кезеңінде жұ­ды­рықтасып, Олимпиадаға берілер жол­да­маға таласады. Тағы екі боксшысы жеке рейтингте үздік үштіктің қатарына енген.
– Дегенмен Еуропа боксынан гөрі Азия боксының қарқыны жоғары ғой. Біздің бокс мектебіміз олардан әлдеқайда бұрын дамыған. Сондықтан финалда біздің ко­ман­да жеңіске жетеді деген үміттемін. Оның үстіне, финал бейтарап елдің шаршы алаңында ұйымдастырылады. «Қазан­шының өз еркі қайдан құлақ шығарса» де­ген­нің болмауы, бұра тартуларға жол бе­ріл­меуі тиіс, – деп Нұрғазы Бөбербаев өз ойымен бөлісті.
Айта кетейік, Дүнижүзілік әуесқой бокс қауымдастығының президенті Чинг-Куо Ву жеңімпаз командаға 1 миллион АҚШ долларының чегі бұйыратынын айт­қан болатын.