Спорт

Әлем чемпионатында үшінші орын үшін ойнаудың қажеті бар ма?

  • Әлем чемпионатында үшінші орын үшін ойнаудың қажеті бар ма?

    Әлем чемпионатында үшінші орын үшін ойнаудың қажеті бар ма?

Футболдан Нидерланды құрамасының бас бапкері Луи ван Гал «әлем чемпионатында үшінші орынды сарапқа салудың мүлде қажеті жоқ» деп ашынуда. Осы ретте «Алаш айнасы» газеті оның пікіріне атүсті тоқталып өткенді жөн санап отыр.
Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Нидерланды футболшылар тек пенальтиде Аргентина құрамасына есе жіберіп алған болатын. Енді Аргентина финалда Германиямен алтын кубокты сарапқа салады да, Нидерланды «неміс мәшинесінен» күйрей ұтылған Бразилия футболшыларымен ІІІ-орынға таласуы керек.
Нидерланды құрамасының 62 жастағы бас бапкері «мундиальда үшінші орын үшін додаға түсудің мүлде қажеті жоқ» деп есептейді. Ол өзінің бұл пікірін бірнеше рет ашық айтып та жүр.
– Мен ІІІ-орын үшін «жұбаныш финалын» өткізудің қажеті жоқ деп санаймын. Бұл жөнінде қақсап жүргеніме 10 жыл болды. Әлем чемпионатында бір ғана жүлде бар. Ол – чемпиондық атақ. Басқасы есепке алынбауы керек, – дейді Луи ван Гал.

Сонымен қатар, Нидерланды құрамасының бесаспап шабуылшысы Арьен Роббен де «үшінші орын үшін ойнаудың мән-маңызы жоқ, тек бір орын бар, ол – бірініші» деп бас бапкерін қолдап отыр.
Әйтсе де, Луи ван Гал үйлеріне кетіп қала алмайтындықтарын мойындайды: – Әрине, бізге алаңға шығуға тура келеді. Бірақ бұл әділетті емес. Біріншіден, біз қарсыласымызға қарағанда, бір күн кем демаламыз. Фэйр-плей қағидалары қайда? Ең сорақысы, біз биылғы әлем чемпионатын өте жоғары қарқында өткізсек те, ең соңғы екі ойында жеңіліске ұшырауымыз мүмкін. Бұл әділетсіздіктің ең жоғарғы дәрежесі болады.
Луи ван Гал бұл жерде Бразилия құрамасы өз елінде енді жеңілсе, жергілікті халықтың дүрлігіп кетуі мүмкін екендігін де ескеріп отырған шығар. Сондықтан Бразилия құрамасы аянбайды. Оларға өз жанкүйерлері алдында ақталу керек. Ал финалға шыға алмай, ұнжырғалары түсіп кеткен Нидерланды футболшыларына бұл жеңіс қажет пе?..
Бұл ойында, яғни үшінші орын үшін өтетін матчта Луи ван Галдың әлем чемпионатында алаңға шықпаған, қосалқы құрамдағы футболшыларын шығаруы әбден мүмкін.
ФИФА болса, өз ұстанымынан қайтпай, үшінші орынды сарапқа салуын доғарар емес. Ең алғашқы әлем чемпионатына бері үшінші орын сарапқа салынып, «жұбаныш финалы» өткізіліп келеді. Бірақ 1930 жылы Югославия футболшылары алаңға шықпай, АҚШ үшінші орынды тер төкпей алған.
Осы ретте, мысал ретінде, боксты алуға болады, шаршы алаңда үшінші орын сарапқа салынбайды. Қола жүлде екі боксшыға да беріледі. Ал футболшылар әлем чемпионатында үшінші орынды сарапқа салып келеді. Бірақ жанкүйерлер есінде қалған шектен тыс шиеленісті «жұбаныш финалы» бар ма екен, осы?
Әзіл:
"Аргентина және Нидерланды арасындағы ойын қызықсыз болды, екеуі де гол соға алмай, ішқұса қылды" деушілер көп. Оу, ол ойын қалай қызықты болсын-ау?!
Екі құрама да "жеңіске жеткен дұрыс па, жоқ жеңіліген жөн бе" деп шақшадай бастары шарадай болды емес пе?!
Жеңсе, финалда азуын айға білеген Германия жүндей түтуге дайын тұр...
Жеңілсе, ІІІ-орын үшін өтетін матчта Бразилия "көз жасын сығып" күтіп отыр (Енді жеңілсе, оларды Бразилия халқы үйітіп жейді)...
Осылай, екі оттың арасында қалған Аргентина мен Нидерланды екі сағаттан астам сергелдеңге түсті...

Автор: Нұрғазы Сасаев




Көрілген: 1672    Пікірлер: 0

бейсенбі, 10.07.2014, 16:29

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31