Әлемнің беделді бокс ұйымдары ресейлік боксшылардың жекпе-жегінен бас тартты

02 наурыз 2022, 17:54

Бұған дейін ФИФА мен УЕФА да Ресей футболына санкциялар салған

Әлемнің үздік бокс ұйымдары – WBC, IBF және WBO ресейлік боксшылардың қатысуымен жекпе-жек өткізуге рұқсат беруден бас тартты. Бұл туралы Azattyq Rýhy vRINGe.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

 
Мұндай санкцияға тек WBA ұйымы қосылған жоқ. Басылымның хабарлауынша ұйым ресейлік боксшы Дмитрий Бивол (19-0, 11 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 КО) (WBA Super чемпионы атағы үшін) кездесуінен түсетін қаражаттың белгілі бір пайызын жоғалтудан қорқатын сыңайлы. Егер ешқандай өзгеріс болмаса, онда бұл жекпе-жек 7 мамырда өтеді.

«Бокс әлемі бейбітшілік үшін бірігіп отыр. Спорт әлемі бейбітшілік үшін және соғысқа, оның кез-келген жағдайына қарсы тұру үшін жұмылып отыр. Жазықсыз адамдар, Украина мен Ресейдің сарбаздар өліп жатыр. Құдай бейбіт өмірді біздің әлемімізге қайтаруға жәрдем бергей!» - делінген бірлескен хабарламада.
Айта кетейік, ФИФА мен УЕФА Ресейдің ұлттық құрамасы мен футбол командаларын әлемдік додаларға қатыстырмау туралы шешім қабылдаған болатын.