Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алматы арулары арда шықты

13 желтоқсан 2012, 10:42

Жақында Дубайда регбиден халықаралық турнир өтіп, әйелдер арасындағы Алматының «Динамосы» осы додадан жеңіспен оралды.
1970 жылдан бері өткізіліп келе жатқан DUBAI SEVENS деп аталатын  турнир биыл қыс мезгіліне тап келіп, желтоқсанның ба­­сында аяқталды. Оған ерлер мен әйел­дер арасындағы клубтардың бәрін қос­қан­да 190-ға жуық команда қатысты.
Алматының ерлер мен әйелдер ара­сын­дағы командалары соңғы төрт жылда жо­ғары дивизионда өнер көрсетіп, шың­дала түскен. Сондықтан әйелдер ара­сындағы «Динамо» (Алматы) клубы БАӘ, Шотландия, Ұлыбритания, Ни­дер­ланды және Австриядан келген азулы коман­да­лармен бірге додаға түссе де, қар­сы­лас­тарына дес бермеді. Үш күнге со­зылған тар­тысты да қызықты ойындардың қо­ры­тындысы бойынша қыздарымыз өздеріне еш­кімнің тең келмейтіндігін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ бірінші топта өнер көрсеткен ерлер командасы да өздерінің осал емес екендіктерін іс жүзінде дәлелдей білді. БАӘ, Шотландия, Сингапур, Нигерия, Ни­дерланды, Швеция, Австралия, Ұлы­бри­тания, Испания және ОАР коман­да­ла­рымен бір топта сынға түсіп, жігіттеріміз 5-орынды иеленіп қайтты.
Биыл жоғары көрсеткіштерге қол жет­кізген әйелдер және ерлер арасындағы «Динамо» (Алматы) клубтары келесі жылы да DUBAI SEVENS турнирінде өнер көрсету құқығына ие болды.
Әйелдер арсындағы «Динамо» (Ал­ма­ты) клубының бас бапкері Дмитрий Пи­чугин спорттың бұл түрінің жақында ғана Олимпиада ойындары бағдарламасына кіргендігін тілге тиек етті.
– 2016 жылы Бразилияда өтетін Олим­пиада ойындарында регби додасының ыс­қырығы бірінші рет безілдейді. Онда тек әлем­нің ең таңдаулы 12 құрамасы ғана өнер көрсете алады. Біздің ендігі басты мақ­сатымыз – Азия елдеріне берілетін жал­ғыз жолдаманы ұтып алу. Сол мақсатқа жету үшін барымызды салатын боламыз, – дейді бас бапкер.
Елімізде енді ғана кең қанат жайып келе жатқан спорттың бұл түрі Алматы және Талдықорған қалаларында жақсы дамыған. Д.Пичугиннің айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын жылына республикалық деңгейде үш дода өткізіліп келсе, қазір оның саны бесеуге жеткен. Ең бастысы, сол додаларға қатысатын командалардың да саны арта түскен.