Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Арландар» «Атамандардың» ақырына жете ала ма?

16 қаңтар 2013, 11:34

«Украина атамандарына» қарсы айқасатын «арландар» анықталды. 18 қаңтарда Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін жекпе-жек кешінде Украина боксшыларына «арландардан» үш қазақ, екі легионер қарсы тұратын болады.
Жерлестерімізден шаршы алаңға ең жеңіл салмақта Мирас Жақыпов шықпақ. Оның қарсыласы – молдовалық Александр Рискан. Жеңістерінен гөрі жеңілістері көп боксшы. Өткен маусымды «Париж Юнайтед» сапында өткерген. WSB додасында барлығы сегіз рет жұдырықтасып, бесеуінде жеңілістің кермек дәмін татқан. 23 жас­та­ғы боксшы рейтингте, әзірге, 16-­ор­ын­да. Ал Мирасты білеміз, додаға биыл қо­сыл­ға­ны­мен, көрермендер сүйіс­пен­ші­лігіне бөленіп үлгерді. Екі рет айқа­сып, еке­уінде де же­ңіске жетті. Рейтингте 4-орын.
Жеңіл салмақта команда капитаны Самат Бәшеновке үміт артамыз. Былтыр екі жекпе-жек өткізіп, біреуінде жеңіліп қал­ған Самат биыл екінші рет шаршы алаңға шықпақ. Алғашқысында жеңіске жеткен. Енді ол украиналық Дмитро Руденкоға қар­сы жұдырықтасатын болады. Бұл Дмит­роның аталмыш додадағы дебюті.
Орта салмақ дәрежесінде команда­мыздың намысын израильдік Константин Снигур қорғайды. Ашық-жарқын мінезі­мен, шаршы алаңдағы қайтпас қайсар­лы­ғымен қазақ жанкүйерлерін баурап алған Снигур «арландар» сапына биыл қосыл­ған. Бір рет жұдырықтасып үлгерді де. Шот­ландиялық Эштон Браунды қалай жұдырықтың астына алғанын бәріміз де көрдік. Енді 18 ақпанда Иван Голубпен жұ­ды­рықтасады. Иван да осал боксшы емес. Биыл ғана додаға қосылса да, енші­сіне екі жеңіс жазып үлгерген. Рейтингте 3-орында.
Жартылай ауыр салмақта Эхсан Роузбахани ерлейді деп сенеміз. Парсы бокс­шысы биыл ғана додаға қосылған. Бір-ақ рет шаршы алаңға шығып үлгерді. Украинадан ұнжырғасы түсіп қайтқаны әлі есі­міз­де. Киевте жергілікті халықтың мақта­ны­шы Денис Пояциканы төпелегенімен, төрешілер жеңісті бермей қойған. Міне, Эхсан үшін есе қайтарар сәт енді туды. Бірақ, қарсыласы – Пояцика емес, Сергей Лапин. Шыны керек, бұл боксшыны алынбас қамал деуге келмейді. Бірінші маусымды «Стамбул бұқалары» сапында өт­кіз­ген ол барлық айқасында жеңілген. Биыл да бір рет жұдырықтасып, жеңілістің кермек дәмін қайта татты. Дегенмен «Атамандар» Алматыға Лапинді емес, Денис Солоненконы алып келуі мүмкін. Ақпарат көздеріне сенсек, Сергей сырқаттанып қа­лыпты. Енді боксшы алмастыруға рұқсат беру үшін украиндықтар WSB басшыларына Лапиннің ауырып қалғаны жөнінде анықтама қағазын көрсетулері керек. Алайда Роузбаханидің шамасы Денис Солоненкоға да жетуі тиіс. Додаға биыл ғана қосылған Солоненко бұған дейін бір рет жұдырықтасып, өз жерінде жеңіліп қалған болатын.
Аса ауыр салмақта Руслан Мырсатаевты көретін боламыз. Азияның үздік бокс­шысы WSB додасындағы 15-ші жекпе-жегін өткізбек. Бұған дейінгі айқастарының төртеуінде ғана жеңілген. Рейтингте 10-орын. Оның қарсыласы Анатолий Антониук рейтингте 31-орында тұр. Биылғы маусымда бір рет жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңілген. Жалпы, Анатолий бұ­ған дейін «Бангок пілдері» намысын қор­ға­ған. Барлығы төрт жұдырықтасу өткі­зіп, екеуінде ұпай айырмасымен жеңілген. Екеуінде есінен танған. Бұл жолы да Руслан оны нокаутқа түсіреді деген үміттеміз.
Міне, қарсыластар осылар. Ендеше,  қаңтардың 18-і күні Балуан Шолақ спорт са­райына ағылып, жерлестерімізге қолдау білдірейік, ағайын! Қазақ командасының жеңісіне бірге куә болайық!
Сергей Корчинский, «Астана арландары» командасының бас бапкері:
– Меніңше, жақсы құрам шығарып отырған секілдіміз. Қазақ жанкүйерлері өз жерінде қазақ боксшыларының көбірек болғанын қалайды ғой. Солардың қала­уын ескеруді жөн көрдік. Оның үстіне, Мирас Жақыпов та, Самат Бәшенов те – көп­ші­ліктің көңілінен шыққан боксшылар. Ал Руслан Мырсатаевты халық алақандарына салып көтеруге дайын. Ендеше жанкүйер­лер өздерінің сүйікті боксшыларының жұ­ды­рықтасуларына сүйсінсін. 85 келіде пар­сы жігіті Эхсан Роузбаханиді қосып отырмыз. Бірінші айқасында оған төрешілер­дің қиянат жасағанын білесіздер. Сол үшін тісін қайрап жүр. Ал 73 келідегі Константин Снигурды соңғы сәтте амалсыз қостық. Оның орнына басқа боксшыны дайындап жүргенбіз. Өкінішке қарай, сырқаттанып қалды да, жедел түрде Снигурдың көме­гіне жүгінуді жөн көрдік. Жерге қарат­пайтын боксшы ғой.

– Бұл салмақта қай боксшыны дайындап жүрген едіңіздер?
– Өткен іс қой. Құрамды жариялап қойдық. Кім екенін айтудың аса маңызы жоқ шығар. Бірақ ол да қазақ боксшысы болатын.
– Қарсыластардың тізіміне көз жү­гір­тіп шыққан шығарсыз. «Украина ата­мандары» Алматыға аса мықты бокс­шыларын әкелмейді екен. Қалай ойлайсыз, бұл «атамандардың» жеңі­ліске келіскені ме?
– Шынын айтсам, қарсыласымыздың тізімін көргенде мен де аздап таңғалдым. Бірақ босаңсуға болмайды. Бұл боксшылар да осал емес. Оның үстіне, өткен кездесулерін сәтсіз өткізгендіктен, осы жолы барын салып, бапкерлерінің алдында айыптарын жууға тырысатындығы хақ. Алматыға келетін «атамандардың» әлеует­терін жақсы білемін. Бұрындары жұдырық­тасуларын талай көргенмін. Тек 61 келідегі Дмитро Руденко ғана мен үшін жұм­бақтау болып тұр. Ал қалғандарының тә­жі­­рибелері жетерлік. Әсіресе, Иван Голубке қарсы айқасу оңай болмайды. Сондай-ақ алыптар арасындағы боксшысы да қа­рымды. Рас, бұған дейін барлық кездесуін­де жеңіліп қалған. Дегенмен оның өткен маусымдарда «Бангок пілдері» сапында өнер көрсеткенін ескеру керек. Антониук өзге елде, өзге менталитетке үй­ренісе ал­ма­ған деп санаймын. Тайландта ол жалғыз болды. Тіл білмеді, тіпті тамақ­тары да басқа ғой. Әйтпесе әуесқой дең­гейде талайды талдырған боксшы болатын.