Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Арландар» қарсылас шақ келтірер емес

15 қаңтар 2013, 11:13

Қазақтың «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы WSB додасында қарсылас шақ келтірер емес.  Осы маусымда бес жекпе-жек кешін өткізген командамыз бесеуінде де жеңіске жетті.
Соңғы айқасын «арландарымыз» Ган­но­верде жергілікті «Герман қырандарына» қар­сы өткізіп, неміс жерінен де жеңіспен оралды. Есеп – 4:1.
Бірінші болып шаршы алаңға Герма­ния­ға барған жалғыз қазақ боксшысы Бағ­дат Әлім­беков шықты. Қарсыласы румын Ни­колае Андреиана осы доданың де­бютанты бол­ғанымен, өте қайсар боксшы екен. Жер­лесімізге қарымды қарсылас бо­ла білді. Алайда соңғы раундтың соңғы ми­­нутында қарсыласының бауырынан құлаштай ұрып тізерлеткен Бағдат румын боксшысының жекпе-жекті жалғастырудан бас тартуына мәжбүр етті. Дегенмен төреші қазақтың емес, қарсыласының қолын көтерді. Артынан аталмыш доданың ресми сайтына көз тіккен едік, Әлімбековтің же­ңі­сі тіркеліп тұр. Түсінбей қалдық. Эк­ран­ның ал­дында отырған көрермендер де аң-таң. Ком­ментаторлар да мәселенің мә­ні­сін тү­сіндіре алмай әлек. Сөйтсек, бұл жай ғана көр­сетілім кездесуі болыпты. Бағ­дат бәсеке бас­талмай тұрып-ақ, «бәйгені шап­пай алыпты».
– Салмақ тарту рәсімінде Ан­дреиа­на­ның сал­мағы «арланнан» бір емес, екі ке­ліге ар­тық болып шықты. Міне, Бағдаттың же­­ңі­сінің сыры – осында, – деп түсіндіріп бер­ді ар­тынан командамыздың бас бап­кері Сер­гей Корчинский.
Одан кейін Ирландия боксшылары дер­­биінің куәсі болдық. Қазақ жан­кү­йер­лері ер­келетіп «Ерік» деп айдар таққан Эрик Донован отандасы Давид Оливер Жойс­пен айқасты. Екеуі бұған дейін Ир­ландия ішкі біріншілігінің финалында бір рет кездескен. Донован жеңген болатын. Өкі­нішке қарай, бұл жолы Эрик сол ерлігін қай­талай ал­ма­ды. Бірінші раундты сәтті бас­тап, төре­ші­лер­ден тиесілі ұпайын ал­ға­нымен, қал­жырап қалды ма, сол қарқынды ұс­тап тұра ала алмады. Жойс, керісінше, жой­қын соққыларымен сәт сайын «ар­ланымыздың» аптығын басып, жеңіске жетті.
– Эрикке осы жолы жұдырықтасу эмо­цио­налдық тұрғыда ауыр болды. Ир­ландиядан келіншегі, әке-шешесі, туыс-ба­уыр­лары келіп, жанкүйер болып отыр­­ғандықтан олардың алдында жұ­ды­рықтасу Донованға оңай болмады. Рас, бір боксшыларға жақын туыстарының залда отыр­ғаны жағады. Бірақ Эрик ондайлар сияқты емес екен. Соққы жіберіп ал­мауды көп ойлап, қорғанысқа көп көңіл бөліп жүріп алды. Жасқанып жұдырықтасты. Соның кесірінен тактикамызды да дұрыс орындай алмады. Әйтпесе Жойс оның жеңіп жүрген боксшысы ғой, – деп түсін­дір­ді шәкіртінің жеңілісінің мәнісін Сергей Корчинский.
Ал Сергей Деревьянченкоға тағы бір мәр­те риза болдық. «Астана арлан­да­ры­ның» ғана емес, әлемнің үздік боксшысы са­­налатын украиналық легионеріміз шар­шы алаң талғамайтынын кезекті рет дә­лел­деді. Үйде ме, түзде ме, қарсыластың же­рінде ме – ол үшін бәрібір, өзін кез келген жер­де ринг қожайыны сезінеді. Осы жолы да Серега Германия жерінде неміс бокс­шы­сы Хек Паскалиге шеберлік сабағын жүр­гі­зіп, бокстың қыр-сырына қанықтырды.
Сол сияқты, хорват Хрвоже Сеп те айы­зымызды қандырды. Салмақ өлшеу рә­сіміне қалпақ киіп келіп, құдды бір, «се­ні де қалпақпен қайырып аламын» де­ген­дей сыңай танытқан Серге Мичелді қуалап жү­ріп төпеледі. Негізі, Мичел де осал бокс­шылардың санатынан емес. Бұған де­йін екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жет­кен. Оның үстіне, Сепке қарағанда әл­де­қайда бойшаң. Дегенмен қар­сы­ла­сының бауырына тығыла кіріп, құлаштай со­ғумен болған Сеп Сергенің алыстан секеңдеуіне еш мұрша бермеді.
Алыптар айқасы да «арландардың» жеңісімен аяқталды. Бұл салмақта да ко­мандамыздың намысын хорват боксшысы қор­ғаған. Германияның жас да­рын­дарының бірі Эрик Бречлинді бет қаратпай соқ­қан Филип Хргович сәл болғанда но­каутпен жеңер еді. Бірақ бұл жеңісі де жан­к­үйерлер үшін құнды. Қарсыласын құд­ды бір қапшық соққандай төпелеген Хргович Бречлиннің әлі талай қор­қы­нышты түстеріне кіреріне күмәнданбасақ та болады.
Сонымен, «Астана арландары» WSB до­дасының үшінші маусымындағы кезекті же­ңісіне қол жеткізіп, 15 ұпаймен қа­р­сы­лас­­тарынан озып кетті. Енді қаңтардың 18-і күні Алматыда «Украина атаманда­рын» қабылдайды. Киевте «көздері кө­гер­ген» «атамандар» Алматыда қарымта қай­та­ра ала ма? Оны уақыты келгенде кө­рер­міз.

«Герман қырандары» (Германия) – «Астана арландары» (Қазақстан) — 1:4
Ганновер
50-54 келі:
Николае Андреиана (Румыния) – Бағдат Әлімбеков (Қазақстан) — WO
57-61 келі:
Оливер Жойс (Ирландия) – Эрик Донован (Ирландия) — 3:0
(49:46, 49:46, 49:46)
68-73 келі:
Хек Паскали (Германия) – Сергей Деревьянченко (Украина) — 0:3
(45:50, 46:49, 45:50)
80-85 келі:
Серге Мичел (Германия) – Хрвоже Сеп (Хорватия) — 0:3
(45:50, 46:49, 45:50)
91+ келі:
Эрик Бречлин (Германия) – Филип Хргович (Хорватия) — 0:3
(45:50, 45:50, 45:50)

Сергей КОРЧИНСКИЙ, «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының бас бапкері:
– Германиядағы кеш өте керемет ұйым­дастырылды. Біздің қонақүй де ыңғайлы жерде орналасқан екен. Спорт сарайына тиіп тұрды. Қала аралап жүрмейсің. Кө­шеге шықпай-ақ, жерасты өткелі арқылы бірден спорт кешеніне жетіп барасың. Енді айқастар жайлы айтайын. Рас, әу баста кейбір салмақтарда басқа боксшылар дайындалған. Бірақ бізге тек жеңіс керек болды да, Ганноверге мықты құрамды апаруды жөн көрдік.

– Командамыз бұл маусымда әлі же­ңілген жоқ. Топтық кезеңді же­ңі­ліс­сіз аяқтауға шамамыз жете ме?
– Турнир тек топтық кезеңнен ғана тұрмайды ғой. Маңызды жекпе-жектер әлі алда. Күшімізді сарқып алмай, өлшеп оты­руымыз керек. Дегенмен жеңісті ста­тис­ти­каны бұзып алмауды да көздейтініміз рас. Бар­лық айқасқа тек жеңіс үшін шығамыз.