Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Барыс» қайта чемпион бола ма?

19 сәуір 2011, 17:58

Павлодарда шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының финалдық ойындары басталды. 2009 жылғы ел чемпионын анықтауға ат салысып жатқан алты команда ә дегеннен-ақ бас жүлде үшiн қызу таласқа кiрiсiп кеттi.
Айта кетейiк, бiрiншiлiктiң финалдық кезеңiне астаналық «Барыс», өскемендiк «Казцинк-Торпедо», қарағандылық «Сары-Арқа», рудныйлық «Горняк», сәтбаевтық «Қазақмыс» және айдын иелерi павлодарлық «Ертiс» жолдама алған болатын. Ал былтырғы жылы ел чемпионы атанған астаналық команда биыл да сол атағын қорғап қалуға бар күшiн салады деп күткенбiз. Шынында да, барлығы бiз ойлағандай болатын секiлдi. Додаға фаворит ретiнде қатысып жатқан олардың алғашқы қарсыластары айдын иелерi «Ертiс» болды. Төрешiнiң белгiсi берiле салысымен бiрден шабуылға лап қойған Андрей Шаяновтың шәкiрттерi үш кезеңнiң iшiнде павлодарлықтардың қақпасына бес гол соғып, тек ойын аяқталуға санаулы-ақ уақыт қалғанда қарсыластарына жандары ашыды ма, әлде «Ертiстi» өз жанкүйерлерiнiң алдында тым масқара қылмай-ақ қояйын дедi ме, әйтеуiр қақпасына бiр гол жiбердi. Жалпы есеп 5:1, астаналық клубтың пайдасына шешiлдi.
Рудныйдың «Горнягымен» кездескен өскемендiк «Казцинк-Торпедо» да қарсыластарын дәл осындай есеппен ұтып, өз жағдайларын жақсартты. Бiр өкiнiштiсi, матчта белсендiлiгiмен көзге түскен «Горняк» қорғаушыларының бiрi Василий Кассихиндi өскемендiк Александр Липин рұқсат етiлмеген әдiспен соғып, Кассихин ауыр жарақат алып қалды. Ендi ол осы бiрiншiлiкке мүлдем қатыса алмайды.
Сондай-ақ бiрiншi турда чемпионаттың алғашқы сенсациясы да орын алды. «Барыстың» аяғына тұсау болатын, яғни чемпиондықтан үмiткерлердiң бiрi саналған қарағандылық «Сары-Арқа» бiрiншiлiктiң аутсайдерi Сәтбаевтың «Қазақмысына» 3:4 есебiмен жол бердi. Әлбетте, бұл жерде «Қазақмысты» аутсайдер санатына қосуымыздың себебi бар. Өйткенi жылдың басында олардың жетi ойыншысы «Сары-Арқаның» сапына өтiп, тiптi бас бапкерi де қызметiнен босаған болатын. Дегенмен команда тiзгiнiн қолына алған Сергей Иченский аз уақыттың iшiнде «Қазақмыстан» азулы ұжым жасап шығарғанын осы матчтың қорытындысы дәлелдедi. Есеп 4:3, сәтбаевтықтар алғашқы үш ұпайға қол жеткiздi.
Иә, командалар тiзiмiне қарап тұрсаңыз, елордалық клубқа шамасы келер клубтың жоқ екенiн байқаймыз. Оның үстiне, Құрлықтық хоккей лигасында Ресейдiң, сондай-ақ шығыс Еуропаның азулы хоккей клубтарына қарсы ойнап, бiраз тәжiрибе жинақтаған олар биыл да ешкiмге бас жүлденi ұстата қоймас. Астаналықтардың қайтадан чемпион атануына, сiрә өскемендiк клуб та кедергi бола алмайтын шығар. Өйткенi «Барыс» чемпионатқа капитаны Кэвин Даллмэн бастаған бүкiл саңлақтарын қатыстырып отыр.

Финалдық кезеңнiң алғашқы күнiнiң қорытындысы:
«Барыс» (Астана) — «Ертiс» (Павлодар) 5:1
«Казцинк-Торпедо» (Өскемен) — «Горняк» (Рудный) 5:1
«Сарыарқа» (Қарағанды) — «Қазақмыс» (Сәтбаев) 3:4