Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Барыс» түзден жеті ұпай олжалады

25 желтоқсан 2012, 12:26

Шайбалы хоккейден «Барыс» (Астана) клубы түзде үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті.
Бірақ екі матчта ойынның негізгі уақы­тында емес, овертайм мен буллитте басым түскендіктен үш ұпайды толық еншілей ал­май, қоржынына екі ұпайдан салды. Сөй­тіп, үш ойындағы тоғыз ұпайдың жетеуін өз еншісіне жазып, түзден олжалы оралды.
Әуелі Ригада жергілікті «Динамоны» овертаймда 3:2 есебімен ұтса, одан соң Украинада «Донбасс» клубына дес бер­меді. Тартысты өткен ойында Қазақстан клубы бір шайба айырмасымен алда тұр­ған. Ойынның соңғы минутында айдын иелері есепті теңестірмек ниетте, тәуекелге бел буды. Қақпашысының орнына алтын­шы ойыншысын шығарып, «Барысты» қыс­паққа алған. Бірақ «қақпанға» өздері түсіп қалды. «Барыс» хоккейшілері шай­ба­ны қақшып алып, Руденко қарауылсыз қалған қақпаны дәл көздеп, зыр қаққан шайбаны алыстан қақпаға тоғытты. Есеп – 4:2.
Бұдан кейін Мәскеуге барып, жергілікті «Спартакпен» кездесті. Алайда шежіресі бай, бір кездері ресейліктердің көбісінің сүйікті командасы болған «Спартактың» дәл қазір жағдайы мәз емес-тін. Құрлық­тық хоккей лигасының «Батыс» конферен­ция­сында соңғы орын­да тұрғаны былай тұрсын, бір­не­ше ойын бойы гол соға ал­май, жанкүй­ерлерінің ал­дында ұятты болып жүрген.
Осылай кежегесі кейін тартқан коман­даның «Барысқа» шамасы жетпес те ме еді? Бірақ ойын соңында төрешілер «Ба­рыс­тың» үздік хоккейшілерін айдыннан қуып, ойынның шырқын кетірді. Ақыры «Спартак» есепті теңестіріп, жеңімпаз бул­литте ғана анықталды. Ал буллитте «Ба­рыс­тың» бағы жанып, таразы басын өз­деріне аударды. Есеп – 2:1.
Бірақ «Спартак» салы суға кетіп, бәрі­бір бармағын тістеді. Себебі есепті тең матч ойын аяғына қарай теңестіріп (56-­ми­нутта), Құрлықтық хоккей лига­сының ан­ти­рекордын жаңартты. «Спартак» 317 минут, 1 секунд бойы гол соға алмай, пұ­шай­ман болған екен. Бұрынғы антирекорд – 296 минут, 6 секунд («Нефтехимик»).
Әрине, Мәскеуден де үш ұпай өңгеріп кетуге болушы еді. Бірақ екі ұпайға да – тәубе. «Барыс» қазір 36 ойыннан 57 ұпай жинап, ҚХЛ-дың «Шығыс» конферен­ция­сында 6-орында, ал жалпы кестесінде 10-­орында тұр. Келесі кездесулерін Жаңа жыл мерекесінен кейін Астанада өткізеді.