Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Бас бапкер жанкүйерлерден қолдау күтедi

19 сәуір 2011, 18:02

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 1 сәуiр күнi Беларусь құрамасымен өтетiн матчқа әзiрленуде. Бұл – 2010 жылғы әлем чемпионатының iрiктеу турнирi аясындағы ойын. Кеше Бернд Шторк жаттықтыратын футболшыларымыз кезектi жаттығу жұмыстарын өткiздi. Әуелi «Беназир» стадионына қақпашылар мен жаттықтырушылар құрамы келдi. Келдi де бiрден жаттығу жұмыстарын бастап кеттi. Сәлден соң басқа көлiкпен қалған футболшыларымыз келiп, бой қыздыру жаттығуларына кiрiстi. Екi сағаттық жаттығу жұмыстары әртүрлi дайындықтарды қамтыды. Жаттығу жұмыстары аяқталған соң бас бапкермен сөйлесу мүмкiндiгiне ие болдық.

– Бернд мырза, дайындық қалай өтуде? Қарсыластарыңыз жөнiнде не бiлесiз?
– Дайындық жұмыстарын ойдағыдай өткiзуге жан-жақты жағдай жасалуда. Мына алаң да жаман емес. Бүгiн негiзiнен ойыншылар өз шептерiнде қалай қимылдап, қалай ойнаулары керек екендiгiне көңiл бөлдiк. Ойын қалай өрбуi керек, допты қай шепке ойыстыру керек, қалай ашылу қажет деген сияқты мәселелерге тоқталдық. Кешегi жаттығуымыз қалай қорғануымыз керек және шабуылды қалай бастауымыз қажет деген мәтiнде өткен. Ертең (яғни бүгiн – авт.) «Жетiсу» клубымен жолдастық кездесу өткiземiз. Осы ойында өз кемшiлiктерiмiздi көрiп, қай тұсымызға күш сала дайындалуымыз қажет екендiгiн бiлетiн боламыз. Мақсат – ойыншыларды Беларусь футболшыларымен болатын матчқа мейлiнше тыңғылықты етiп дайындап, спорттық баптарына келтiру. Дайындығымызды жан-жақты жүргiзу мақсатында ойыншыларымыздың барлығына да Беларусь құрамасының ойындары жазылған DVD дискiлер үлестiргенбiз. Дискiлердi көрiп, өздерi де қорытынды шығарсын, сараласын деген ой бiздiкi. Қарсыластарының қалай, қай шепте ойнайтындықтарын көрiп, көздерi қаныға түседi ғой. Бүгiн Беларусь құрамасы Анталияда (Түркияда) «Анталияспор» клубымен жолдастық кездесу өткiзетiндiгiн бiлемiз. Адамдарымыз сонда, олар да жұмыс iстеп жатыр. Мүмкiндiк болса, осы кездесудiң бейнежазбасын алып, көрсек деп отырмыз. Себебi олардың сапында аздаған өзгерiс бар. Жарақат алып қалған және құрама сапына жаңадан қосылған футболшылар бар. Солардың қазiргi жағдайлары мен ойыншыларының қандай күйде екендiктерiн көруiмiз қажет. Өзiмiзде бәрi жақсы. Тек Александр Киров кiшiгiрiм жарақат алып қалған. Қазiр жағдайы жаман емес, қатарға қосылады. Бұл шепте бiзде Фархадбек Ирисметов бар. Сондықтан аса қобалжулы емеспiз. Ирисметовпен осы апта бойы жұмыс iстеп жатырмыз. Оның және басқа да футболшылардың ойын үстiндегi қателiктерiн өздерiне көрсетiп, түсiндiрiп жатырмыз. Ойыншылардың өз қателiктерiн өздерiне көрсетудiң маңызы зор. Олар өз қателiктерiн көрiп барып, ендiгәрi ондай ағаттықтарға жол бермейтiн болады. Мен үшiн ең бастысы – ойыншылардың ешқандай да қарсыластан именбей, артқа шегiнiп, бекiнiп жатып алмай, шабуылға шығу керектiгiн түсiну. Кейiнгi ойындарда байқағаным, қазақстандық жанкүйерлер тамаша ойынды аса жоғары бағалайды. Әрбiр шабуыл мен әрбiр соққыға дер кезiнде баға берiп, футболшыларды қолпаштап отырады. Делебелерiн қоздырып, қамшылап отырады. Беларусь құрамасымен болатын ойынға жанкүйерлер көп келсе екен деп тiлеймiн. Жанкүйерлерiмiз ойынымыздан ләззат алып, ырза болса, бiз үшiн бұл – үлкен жетiстiк. Қазiр бiз үшiн ең бастысы – сапалы ойын өрнегiн көрсету. Сапалы ойын үлгiсiн көрсете алсақ, нәтиже өзi келедi. Жеңiс те болады.
– Беларусь футболшыларымен болатын ойында алаңға қанша шабуылшы шығармақсыз?
– Ертеңгi жолдастық кездесуге екi шабуылшы шығарамыз: Нөсербаев пен Остапенконы. Байқаймыз, көремiз, саралаймыз. Әрi қарай не боларын – ойын, содан кейiн жағдай көрсетедi.
– Ал Тiлешевтi алаңға шығармайсыз ба?
– Тiлешев туралы сөз қозғағым келмеп едi. Айтайын... Ол – жақсы шабуылшы. Ылғи гол соғады және гол соға да бередi әлi. Бiрақ еуропалық деңгейде ойнау үшiн функционалды дайындығына да мән беруi керек. Бiздiң ойын «Ақтөбе» клубының ойынындай емес. Ол өз клубында айып алаңының iшiнде тұрып, өз мiндетiн орындауға бейiм. Ал бiзде артқа шегiну керек, жартылай қорғаушылар мен қорғаушыларға көмектесу керек. Қорғаныстан шабуылға тез көшу қажет. Футболда алаңдағы ойын ғана емес, басқа да жағдайлардың атқарар рөлi ерекше. Айталық, тәртiп. Мұрат мен одан не талап ететiнiмдi жақсы бiледi. Бәрiн де түсiнедi. Бүгiн де жеке сөйлестiк. Болашақта мен оған сенiм артатын боламын. Ол гол соға бiлетiн шабуылшы,
– Бүгiн шабуылға шығу барысында ойыншылардың қалай қозғалып, қалай орын ауыстыру керек екендiктерi барысында бiр өзгерiстi байқап қалдық. Дәлiрек айтқанда, Андрей Карпович өзiне үйреншiктi фукцияны емес, оң қанаттағы жартылай қорғаушы мiндетiн атқарды. Беларусь құрамасымен болатын ойында да ол осы шепте ойнай ма?
– Дұрыс байқағансыздар. Бiз кейбiр ойыншылардың алаңдағы орындарын ауыстырып, басқа жүйемен ойнауға бел будық. Ендi бiздiң орталық шебiмiз ромб түрiнде өнер көрсететiн болады. Самат Смақов – қорғаушыларға тiрек болатын шепте, яғни сәл артта, Андрей Карпович – оң қанатта, Жамбыл Көкеев – сол қанатта, ал Руслан Балтиев – алда, шабуылшыларды ту сыртында. Бiрақ Карпович жиi-жиi ортаға қарай ойысып, өзiнiң артындағы қорғаушының да шабуыл өтiне май құйып отыруына жол ашып отырады. Әрi бiз осылайша орталық алаңдағы ойыншыларымыздың санын арттыра түсуге тырысып бағамыз. Бұл – өте маңызды.
– Сонда оң қапталдағы қорғаушы бiздiң қақпадан қарсыластар қақпасына дейiнгi аралықта ойнақ салатын бола ма?
– Үнемi олай емес. Бiрақ мүмкiндiгiнше. Егер алды ашық болып, шабуылды жалғастыруға мүмкiндiк туындап жатса, неге тiзгiндi тартуымыз керек. Бiз осылай қос қапталдан пiспектеу арқылы қарсыласымызды артқа шегiнуге мәжбүрлеп, қыспаққа ала түсемiз.
– Беларусь футболшыларымен болатын матчта қақпаға кiмдi қоясыз?
– Оны да ертеңгi ойын шешедi. Ертең бiрiншi таймда Давид Лорияға мүмкiндiк беремiз, ал екiншi таймда Александр Мокиндi тексерiп көремiз. Қайсысы спорттық бабына келгендiгiн көрсетедi, соған сенiм артамыз.
– Дәл қазiр ойыншыларымыздың спорттық бабы қандай?
– Өте жоғары емес. Бiрақ бiз оларды спорттық баптарына келтiруге тырысудамыз. Дүйсенбi, сейсенбi және бейсенбi күндерi жаттығу жұмыстарын екi мәрте өткiздiк. Ал сәрсенбi мен жұмада бiр жаттығу жұмысымен шектелдiк. Ертең – жолдастық кездесу. 1 сәуiрге дейiн жiгiттердiң ащы терiн алып, суытамыз.
– Германия чемпионатында, нақтырақ айтқанда, «Вольфсбург» клубының сапында Сергей Каримов деген Қазақстан тумасы өнер көрсетедi. Сiз оны iс жүзiнде көрмедiңiз бе? Оны ұлттық құрама сапына шақыруға бола ма?
– Германия чемпионатында жалғыз Каримов емес, Қазақстан құрамасының сапын күшейте алатын бiрнеше футболшы бар. Әрi олардың саны бiршама. Бәрi де қазақ жерiнде туып-өскен, бiрақ кейiннен Германияға қоныс аударған. Олардың қолдарында тiптi қазақстандық «Туу туралы куәлiктер» де бар. Кейбiреулер әр түрлi жас санатындағы Германия жасөспiрiмдер құрамасының сапында да ойнап үлгерген. Аса жоғары деңгейдегi жас футболшылар. Оларды Қазақстан құрамасына тарту жай ғана шақырта салатын оңай шаруа емес. Мұнымен Қазақстан футбол федерациясы айналысуы керек. Менiң құзыретiм бұған жете қоймайды.