Бейжіңде паралимпиада ойындары басталды

04 наурыз 2022, 21:02

Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII қысқы паралимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды  Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz  ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Салтанатты спорттық шара "Құс ұясы" деп аталатын ұлттық стадионында өткізілді.

Салтанатты шарада еліміздің туын пара шаңғышы Ербол Хамитов ұстап шықты.

Айтулы аламанда Қазақстан атынан Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Денис Петренко, Юрий Березин және Сергей Усольцев пара шаңғы және пара биатлон спорт түрлерінен ел намысын қорғайды.

Спортшылар спорттың шаңғы жарысынан, биатлоннан, тау шаңғысы спортынан, следж-хоккейден, арбадағы керлингтен және сноуборд секілді спорттың алты түрінен 78 жүлдені сарапқа салады.

Қазақстан спортшылары паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Бүгінгі күнге дейін ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алса. 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.

Қысқы Паралимпиада ойындары 13 наурызға дейін болады.