Бокстан әлем чемпионының келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

19 қазан 2021, 13:04

Бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетовтың кәсіби рингтегі келесі кездесуі қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды  vesti.kz.

Бұған дейін Нұрдәулетовтың кәсіби рингтегі мансабын жалғастыратыны белгілі болған еді. Маңғыстаулық спортшы Adal Promotions промоутерлік компаниясымен келісім жасаған. 

 
Жаңа келісімшарт негізінде Бекзад алғашқы кездесуін 6 қарашада Ақтаудағы "Халық Арена" спорт кешенінде болатын бокс кешінде өткізбек. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бұл – боксшының кәсіби бокстағы үшінші жекпе-жегі.

Adal Promotions компаниясымен Бекзадпен бірге Мейірім Нұрсұлтанов та (14-0, 8 КО) келісім жасаған болатын.

Бекзад Нұрдәулетов кәсіби рингтегі алғашқы кездесуін 2020 жылдың қазанында өткізген еді. Ол қарсыласы танзаниялық Ибрахим Маоколуды (14-10-1, 9 КО) нокаутпен жеңген. Ал екінші кездесуінде нигериялық Кабири Товолавиді (15-4, 12 КО) ұпаймен жеңді. 
Әуесқой бокста Нұрдәулетов 2019 жылы Әлем чемпионы атанды. 2016 жылы жастар арасындағы жарыста қола медаль жеңген. 2020 Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті.