Бразилиядағы Сурдлимпиадада алтын алған спортшының дені сау болып шықты

05 мамыр 2022, 22:18

Министрлік Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің үстінен арнайы сот органдарына шағым түсіретінін ресми түрде мәлімдеді.

Бразилияда өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында «алтын» медаль жеңіп алған Еркебұлан Қанафиннің орнына жарысқа басқа спортшы баруы керек болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған хабарламада Еркебұлан Қанафиннің есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспағаны, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының тізімінде жоқтығы, есту қабілеті бойынша мүгедектігі жоқтығы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт ұйымдарына тіркелмегендігі туралы айтылған.

«Қанафин Еркебұлан бұрын-соңды есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспаған. Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі емес және дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт ұйымдарында тіркелмеген. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде аудиограмма нәтижелері және жалпы спортшының денсаулық жағдайы туралы ақпарат жоқ.

Бұған қарамастан Ұлттық Сурдлимпиадалық комитет Е.Канафинді өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді және спорттық этикалық қағидаларды бұзды.

Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық құрама команданың тізімін қалыптастыру кезінде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасы Чемпионатының қорытындысы бойынша ел чемпионы Айдос Түгелбаевты енгізген болатын», - делінген ведомство хабарламасында .

Министрлік Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің үстінен арнайы сот органдарына шағым түсіретінін ресми түрде мәлімдеді.

Skifnews.kz