Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Данабек Сужанов: Ұлттық құрамадан ғана емес, келесі жылы Алматыда өтетін әлем біріншілігінен де үміттімін

21 желтоқсан 2012, 11:57

Лондон Олимпиадасынан кейін «боксшы Данабек Сужанов «Астана арландары» командасына қосылады екен» деген әңгіме желдей есті. Клуб басшылары да бұл ақпаратты нақтылап: «Сужанов жаңа жылдан кейін «арландардың» қатарына қосылады», – деп сұхбат берді. Осының анық-қанығын білмек мақсатымен Данабектің өзіне хабарласқан едік.

– Данабек, Лондон Олимпиа­дасынан кейін көрінбей кеттіңіз. Боксты біржола қойып кеткен жоқ­сыз ба?
– Жоқ, ондай ойдан аулақпын. Олимпиададан кейін бірден жаттығуға кіріскенмін. Қазір де жаттығуымды жал­ғас­тырып жүрмін. Тіпті Қазақстан чемпионатына да қатыспақ болғанмын. Бірақ аздап сырқаттанып қалдым. Мұндай жағдайда шаршы алаңға шығу мүмкін емес еді.  Өйткені біріншілікте жас боксшы­лар көп, жеңіліп қалсам ұят болады. Содан қорықтым. Турасын айтқанда, сақтандым дегенім дұрыс болар.
– Ал Қазақстан біріншілігін тама­шалай алдыңыз ба? Жалпы, жаңа боксшылар, жаңа ережелер жайын­да не айтасыз?
– Иә, мен жартылай финал мен финалдық айқастарды шаршы алаңның жанында отырып тамашаладым. «Шлемсіз бокс» туралы айтарым, бұрынғыдан аса айырмасы жоқтай көрінді. «Батырға оң-солы бірдей» дегендей, шын мықты қандай жағдай болмасын, жеңіске жетеді. Рас, қабақ жарылу көп болды. Бірақ ағза, тері әлгіндей соққыларға үйреніп алса, оның да еш қаупі болмайды. Жас боксшы­лардан 75 келіде чемпион болған алматы­лық Жәнібек Әлімханұлына риза болдым.
– Бұрын бұл боксшымен жұды­рықтасқан ба едіңіз?
– Ол ересектер арасына енді қосылып жатыр ғой. Биыл федерация кубогы аясын­да жолымыз түйісуі мүмкін еді, бірақ мен салмақ қумай-ақ қояйын деп 81 келіде жұдырықтастым.
– Демек, алдағы уақытта да 81 келіде жұдырықтасасыз ғой...
– Жоқ, өзіме 75 келі ыңғайлы. Жеке бапкерім Владимир Речицкиймен ақылда­сып, салмақ қоспауды жөн көрдім.
– Ұлттық құрамадан әлі де үмітіңіз бар сияқты ғой. Бұл жайында бас командамыздың бас бапкері Мырза­ғали Айтжановпен сөйлесе алдыңыз ба?
– Қазақстан біріншілігі кезінде сөйлескенмін. «Әрдайым есік ашық, жиынға шақырамын. Тек, дайындал», – деді. Ұлттық құрамадан ғана емес, келесі жылы Алматыда өтетін әлем біріншілігінен де үміттімін. Шеберлігімді дәлелдегім келеді. Оның үстіне, ағзам енді қалыптасып келеді. Мен, керісінше, жасыма жас қо­сылған сайын шыңдалатындардың қата­рынанмын.
– Данабек, сізді Жаңа жылдан кейін «Астана арландары» коман­дасына қосылады деп жатыр ғой. WSB додасына дайынсыз ба?
– Шынын айтсам, маған «арландар» сапынан бұл туралы ешкім хабарласқан жоқ. Бапкерлер де, клуб директоры да. Сондықтан Болат Манкеновтің мен жайлы сұхбаттарын теледидардан көріп, газеттер­ден оқығанымда таңғалдым. Өзім үшін де жаңалық болды. Жақын таныстарым да: «Біз білмеппіз, қашан ауысып жүрсің?» – деп сұрап жатыр.
– Яғни «Арландар» сапына ауыспайсыз ғой...
– Егер шынымен де  шақырып, командадан орын ұсынып жатса, онда ойланып көруге болады. Маған WSB додасының да жекпе-жектері ұнайды. Табиғатыма жақын сияқты. Дегенмен өзіме хабарласпаған соң, ол туралы әлі жоспарлап жүрген жоқпын.
– Ал кәсіпқой боксқа біржола ауысуды көздемейсіз бе?
– Ол жайлы да ойлап жүрмін. Жалпы, өзімнің болашағымды әлі әр салада елестетіп жүрмін. Кез келген жағдайға дайынмын. Егер әуесқой бокста ұлттық құрама сапына іліге алмасам, кәсіпқой бокстағы ұсыныстарды да қарап көруге әзірмін. Өйткені менің ағзам жылдан-жылға күшейіп, бекіп келеді. Яғни бокста ұзақ жүретінім анық.
– Данабек, енді соңғы сұрағымыз. Лондон Олимпиадасын жиі есіңізге аласыз ба?
– Еш нәрсені өзгерте алмайтынымды біліп, ойламауға тырыссам да, есіме түсе береді. Бірінші жекпе-жегімде-ақ ұтылып қалғаным өкінішті. Меніңше, Виженджер Сингхке қарсы дұрыс тактика қолданбаған секілдімін. Оңнан да, солдан да шабуылдай бергенше, бір сәт күтіп, аяқпен жылдам қозғалып, соққы жұмсауда қарсыласымнан бұрын қимылдауым керек еді. Әлбетте, ол да – тәжірибелі боксшы. Дегенмен жұдырықтасу тең дәрежеде өткен сияқты. Ал жапон жігіті Риота Муратаның Олимпиада чемпионы атануы, тіпті қызық. Өйткені мен оны Астанада өткен Президент кубогы турнирінде оп-оңай жеңген болатынмын. Иә, тағдыр деген осындай ғой.
– Сұхбатыңызға рақмет.