Спорт

«Динамоның» дарабозы

Жақында Мәскеу қаласында қоян-қолтық ұрыстан екінші әлем чемпионаты өтті. 36 мемлекеттің спортшылары қатысқан бүкіләлемдік біріншілікке еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте Ресейден кейін екінші орынға ие болды. Үшінші орын Беларусь құрамасына бұйырды. Біздің спортшылар үш алтын, екі күміс, сегіз қола медаль олжалап қайтты. Осы додада 55 келі салмақта сынға түскен «динамолық» спортшы Берік Шыналиев жеңімпаз атанды. Осыған орай, біз еліміздің он дүркін чемпионы, Мәскеуде өтетін дәстүрлі халықаралық турнирдің төрт дүркін жеңімпазы Берік Шыналиевпен тілдесіп едік.

– Берік Сәбитбекұлы, әлем чем­пио­наты барысындағы кездесулеріңізге тоқ­талып өтсеңіз. Өткен жылы Алма­ты­да өткен әлем чемпионатында қар­сы­ластарыңызды берілген уақыт аяқ­талмастан ойсырата жеңіп едіңіз. Бұл жолы қалай болды?
– Жалпы, көп нәрсе дайындыққа бай­ла­нысты ғой. Бұл жолы да үлкен дайын­дық­пен барып, дәл Алматыдағы жеңісімді қайталадым. Барлық қарсыластарымнан басым түсіп, кездесулерімді тез аяқтап отырдым. Үш кездесу өткіздім, алғашқысы өзбек спортшысы болатын. Алайда ол белгісіз себептерге байланысты кілемге шықпай, кездесуден бас тартты. Екінші кездесуім қырғыз спортшысымен болды. Бұл кездесу де ұзаққа созылмады, айнал­дыр­ған екі минуттың ішінде оны айқын ба­сымдылықпен ұттым. Ақтық сында Беларусь спортшысымен айқастым. Оны да 1,5 минуттың ішінде тізе бүктірдім. Сөйтіп, чемпиондық белдіктің иегері атандым.

– Көбінде төрешілердің бүйрегі осындай үлкен жарыстарды өткізіп отырған елдің спортшыларына қарай бұрып тұрады. Бұл жолы ондай жағдай болмады ма?
– Әрине, онсыз тағы болмайды ғой. Ұят болғаны – аса ауыр салмақта сынға түсіп жүрген жерлесіміз Руслан Аушевтің аяғынан шалғандары. Ол жартылай фи­нал­да ресейлік спортшымен кездескен бола­тын. Ресейліктің атын ұмытып тұрмын, әйтеуір, кавказ жігіті. Басында Руслан қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып келе жатқан, соңғы екі минут қалғанда бұрмалап-бұрмалап жеңісті одан тартып алды. Соның кесірінен біздің спортшы тек үшінші орынмен шектелді. Міне, орын ал­ған осы жағдайдан кейін ішіміз ашып, кө­ңі­ліміз құлазып қалды. Жалпы, Руслан – әлемді мойындатып үлгерген өте шебер спортшы. Бірінші әлем чемпионатының жеңімпазы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері.
– Бұл чемпионатқа қатысу үшін ірік­теу турнирі өткізілді ме, әлде бұрын қол жеткізген жетістіктеріңіз арқау бол­ды ма?
– Осыдан бір ай бұрын Көкшетау қала­сында ерлер мен әйелдер арасында ІІМ чем­пионаты өткен болатын. Ол ашық чем­пионат болғандықтан, оған тек құқық қорғау органдарының спортшылары ғана емес, еліміздің барлық спортшылары қатыс­ты. Сонда алғашқы үштікке ілінгендер Щучинск қаласында дайындалдық. Сол жер­ден сұрыпталып шық­қан­дар ғана ел құра­масына қабылданып, Мәскеуге аттан­­дық. Тағы бір айта ке­тер­лігі, әлемді емес, ел чем­пионатын ұту оңайға соқ­пады. Бір жағынан, бұл – қуа­нарлық жағдай. Өйткені ел ішін­дегі іріктеу өте тар­тыс­ты өтті. Менің сал­ма­ғымдағы қар­сыластарым өте мықты болды. Және олардың бәрі  жас мөл­ше­рінен менен ана­ғұр­лым кіші. Яғни алды 25-терде болса, арты 17-18-дерде. Бұл елімізде әлеуеті зор жас спорт­шы­лар­дың өсіп келе жатқандығын білдіреді.
– Соған қарағанда, спорт­тың бұл түріне деген жастардың қызы­ғу­шы­лы­ғы мол ғой?
– Иә, Кеңес өкіметі тұ­сын­да спорттың бұл түрі алғаш әскерилер арасында кеңінен тарады. Өйткені қарақ­шы­лар­мен бетпе-бет кездескен құқық қорғаушылар төбелестің айла-тәсілдерін жақсы меңгеріп, қолдана білгені жөн. Міне, осы себепті қоян-қолтық ұрыс әскерилерге өте қажет болатын. Кейіннен оған жұрт­шы­лық­тың қызы­ғу­шы­лығы артып, ол халық арасына тарай бастады. Қазіргі кезде ТМД елдері қоян-қолтық ұрысының ережелерін жеңілдетіп, дәстүрлі түрде әртүрлі тур­нир­лер өткізуде. Соның барлығы жастардың қоян-қолтық ұрысқа көптеп келуіне жағ­дай жасап отыр.
– Спорттың бұл түрі Олимпиада ойын­дарының қатарына енген жағ­дайда оған қатысар ма едің?
– Әрине, Олимпиада ойындарына қатысу әр спортшының басты арманы ғой. Дегенмен алдымен Азия ойындарының қатарына кіріп қалуы мүмкін деген сыбыс­тар­ды да естіп жатырмыз. Егер сол рас бол­са, талай қазақтың баласы жеңіс тұғы­ры­нан көрініп, көк байрағымызды биіктен желбіретер еді. Өйткені спорттың бұл түрі біздің елде өте жақсы дамыған. Дүбірлі додалардың бәрінде Қазақстан спорт­шы­ла­ры алғашқы үштіктен көрінуде.
– Сөз басында Мәскеуге үлкен дайын­дықпен бардым дедіңіз. Жалпы, қай жерде жаттығасыздар?
– Жаттығуларымның барлығы Алматы­да­ғы «Динамо» спорт қоғамында өтеді. Бапкерім – Қазақстанға еңбек сіңірген жат­тықтырушы Бахыт Баймұхамбетов. Сол кісінің қол астында 2002 жылдан бері жаттығудамын. Қазіргі күнге дейін жеткен жетіс­тіктерімнің барлығы осы жаттық­ты­рушыларым мен қолғабыс етіп жүрген жақын адамдарымның арқасы деп біле­мін. Сондай-ақ бұл спорттың жандануына қол ұшын беріп жүрген «Динамо» спорт қоғамын да атап өтпеске болмас. Әрқа­шан­да олар құқық қорғау органдары ара­сында түрлі турнирлер өткізіп тұрады. Кімде-кім «Динамо» спорт қоғамы Ор­та­лық кеңесінің турнирін ұтса, ол Қазақстан чемпионатында үштікке сөзсіз өтеді. Ал Қазақстан чемпионатын ұтқан адам халық­аралық додаларда жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.
– Өзің сияқты биік белестерді ба­ғын­дырғысы келетін жас спорт­шы­лар­ға қандай тілек айтар едің?
– Алдымен көп тер төгіп, еңбек ету керек. Ешқашан қайтпау керек. Бір тур­нир­де жеңілсең, келесі жолы міндетті түрде жеңу үшін бар күшіңді салу керексің. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Сәтсіз кезеңдер менің де басымнан өткен. Алғашқы үш жыл­да спортта ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмадым. Сонда маған демеу бол­ған «Динамо» спорт қоғамында ілулі тұрған Олимпиада ойындарының чем­пио­ны Ермахан Ибрагимовтің автопортретінің ас­тында жазылған қанатты сөздер еді. Онда: «Ешкім де Олимпиада чемпионы бо­­лып тумайды. Жаттықтырушының талан­ты мен шәкіртінің күш-жігері арқа­сында ғана чемпион атана алады» деп жазулы тұра­тын. Міне, осы сөз қатты әсер етті десем де болады. Қайда жүрсем де осы ұран еш­қа­шан есімнен шыққан емес.
Сонымен қатар, ең бастысы, бапкердің айтқан ескертпелеріне ден қойып, мән беру керек. Өйткені спортшының әлсіз тұсын жанындағы бапкерінен артық білетін адам жоқ шығар. Сондықтан бапкердің айтқанын орындап, алға қойған мақсат­тар­ға қол жеткізу үшін талпыну керек.
– Әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 774    Пікірлер: 0

сенбі, 04.05.2013, 11:31

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30