Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Италия және Англия чемпиондары итжығыс түстi

06 маусым 2011, 15:57

Чемпиондар лигасы
1/8 финалы, бiрiншi ойындар
«Интер» (Италия)    0
«Манчестер Юнайтед» (Англия)    0
«Лион» (Франция)    1
«Барселона» (Испания)    1
Голдар: Жунинью Пернамбукану, 7 – Анри, 67
«Арсенал» (Англия)    1
«Рома» (Италия)    0
Гол: ван Перси, 37-пенальтиден.
«Атлетико» (Испания)    2
«Порту» (Португалия)    2
Голдар: Макси Родригес, 3. Форлан, 45+2 – Лисандро Лопес, 22. Лисандро Лопес, 72
Екiншi, жауапты ойындар 11 наурыз күнi өтедi

Ойындар кестесi:
    1/8 финалы, екiншi ойындар    10/11.03.09
    Ширек финал, бiрiншi ойындар    7/8.04.09
    Ширек финал, екiншi ойындар    14/15.04.09
    Жартылай финал, бiрiншi ойындар    28/29.04.09
    Жартылай финал, екiншi ойындар    5/6.05.09
    Финал (Рим, Италия)    27.05.09

Р.S.
20 наурыз күнi Швейцарияның Ньон қаласында ширек және жартылай финалдық ойындардың жеребесi тартылады. 

Футбол десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтiн аяқдоп жанкүйерлерi сарыла күткен Чемпиондар лигасының шешушi ойындары басталды. Бiздiң уақытпен сәрсенбiге ауған түн қараңғысында Еуропаның төрт қаласында 1/8 финалдық ойындары төрткүл дүниенi қызыққа бөледi.
Негiзiнен, Миланда өткен «Интер» және «Манчестер Юнайтед» клубтары арасындағы ойынға тоқтала кеткен жөн болар. Себебi екеуi де – бүгiнгi таңдағы кәртемiс ғаламның ең үздiк клубтарының бiрi. «Интер» былтыр Италия чемпионатында ешкiмге дес бермесе, МЮ шектен тыс шиеленiстi өткен Англия чемпионатында топ жарған. Дәл қазiр екеуi де өз елдерiнiң биылғы чемпионаттарында жеке дара көш бастап келедi. Екеуiн де есiмдерi бүкiл әлемге мәшһүр бiлiктi мамандар жаттықтырады. Ауызы дуалы батыс мамандары осы екi команда арасындағы кездесулердi «финалға бергiсiз ойындар болады» деп болжауда. Сондықтан бiздiң де назарымыз осы матчқа ауды.
Матч басталған бетте екi команданың да қорғаныс шебiндегi, әсiресе, орталық қорғанысындағы өрiмдей жас футболшыларды көрiп, «қызықтың көкесi ендi болмаса еттi» деп өзеуредiк. МЮ клубының бас бапкерi сэр Алекс Фергюсонның мұндай шешiмге лажсыздан барып отырғандығы түсiнiктi. Себебi Н.Видич бұған дейiнгi алған ескертулерiне байланысты бұл ойынға шыға алмайды. Сондай-ақ Г.Невилл мен Браун жарақаттанып қалған. Сондықтан Эвансқа сенiм артуға мәжбүр болды. Бiрақ Англия чемпионатының соңғы ойындарында солтүстiкирландиялық Эвансты осы шепте ойнатып, бiраз дайындады. Ал жүрек жұтқан Жозе Моуринньюдiң Кардобадай тiс қаққан қорғаушы тұрғанда еурододаларда тәжiрибесi аз Ривас Лопестi шығарғанына таң қалдық. Сондай-ақ томағасын сыпырып, 19 жастағы Сантонды жасыл алаңға шығаруы да көпшiлiктi сүйсiндiрдi. Алдын ала айта кетейiк, Италияның жас таланты бас бапкер сенiмiн ақтады. Тiптi Криштиану Роналдудай пышақтың жүзiндей лыпылдаған хас шебердiң өзiн тырп еткiзген жоқ. Тұсаулап ұстады.
Фергюсонның төрт қорғаушысының алдына Каррик пен Флетчердi шығаруы негiзiнен бекiнiске, гол жiберiп алмауға көңiл бөлгендiгiн сездiрдi. Моуринньюдiң де, «Интер» ойыншыларының да солай ойлағандықтары айтпаса да түсiнiктi. Алайда iс жүзiнде олай болып шықпады. Ағылшын клубы бiрiншi таймда азуын айға бiлеген Италия чемпионын тықсырып, екi аяғын бiр етiкке тықты. 45 минут бойы үстемдiк құрып, Жулио Сезар қорғаған қақпаға қара бұлтты үйiрумен болды. Кiмнiң алаң иесi екендiгiн айыру мүмкiн болмай қалды. Бiрақ қанша түйiлсе де, Бразилия қақпашысын қапы қалдыра алмай, сан соғумен болды. Ұрымтал тұстардан бiрнеше рет айып добын орындаған Криштиану Роналдудың соққыларына да тосқауыл бола бiлдi. Фергюсонның бiр апта бойы суытып, терiн алған қайсар жiгiтi Райан Гиггздiң де қауiптi соққыларына тосқауыл бола бiлдi. Үнемi оқтаулы мылтықтай оқталып жүретiн Бербатовтың да қақпаға бағыттаған доптарын бұйым құрлы көрмедi.
Екiншi таймда ойынның бiрiншi жартысында бiрнеше рет қателесiп, қақпа алдын абыр-сабыр қылған колумбиялық Ривас Лопес өз орнын отандасы Кардобаға босатты. Әрi екiншi таймда жағдай мүлде өзгердi. Бiрiншi таймда алаң иелерiн қыспаққа алған МЮ ендi қорғанумен болды. «Интер» қарқынын күшейттi ме, әлде әккi Фергюсон ойын тiзгiнiн қасақана қарсыластарына бергiзiп отыр ма, түсiну қиын. Бiздiңше, соңғысы сияқты. Қарсыласына ес жиғызбай шабуылдаудан нәтиже шығара алмаған Фергюсон ендi басқа тактика қолданып, қарсы шабуыл арқылы айласын асырмақ секiлдi. Бiрiншi таймда аяқтарына жарытып доп тимеген «Интердiң» бесаспап шабуылшылары Ибрагимович пен Адриану көсiле шабайын дедi. Станкович пен Камбьяссо да қалысар емес. Бiрақ «Интер» де ағылшын чемпионының қақпасының кiлтiн таба алмай, қара терге түстi. Амалы таусылған Моуриннью бiр-екi сәтте тамаша мүмкiндiктi мүлт жiберген Адриану мен жартылай қорғаушы Мунтаридi алып тастап, олардың орындарына екi шабуылшы шығарды. Яғни шабуыл өтiн күшейттi. Алайда бұдан да нәтиже болмады. Фергюсонның да өз ойы бар екен. Соңғы минуттарда алаңға Рунидi шығарып, тың күш қосты. Жарақатынан ендi айығып келе жатқан мойны жуан Руни Италия чемпионын бiраз састырды. Бiрақ бұл матчта оған да гол соғу бақыты бұйырмады. Осылайша бұл кездесу 0:0 есебiмен аяқталды.