Жағажай футболынан Қазақстан құрамасы Еуролиганың топ-дивизионына өтті

30 шілде 2022, 01:02

Жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуролиганың топ-дивизионына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Молдова астанасы Кишиневте Болат Әленов жаттықтыратын қазақстандықтар өз тобында соңғы матчта Грекия құрамасымен шеберлік байқасты.

Алдымен 13-минутта Грекия сапынан Скоуртас есеп ашты. 29-минутта Роман Богданов таразы басын теңестірді.

Он минуттан кейін Катсоулис грекиялықтарды қайта алға шығарды. Дегенмен 42-минутта Станислав Макагон мергендік танытты – 2:2.

Ойыннан кейінгі пенальти сериясында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті – 4:3. Осылайша, Б.Әленовтің шәкірттері алдағы жылы Еуролиганың «А» дивизионында ойнауға жолдама алды.