Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жеңіліп жатып жеңдік

02 ақпан 2011, 11:41

Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы Жапония қыздарымен кездесіп, шектен тыс шиеленісті өткен матчта 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұл нағыз табан тірескен тартысты ойын және дегбірді алып біткен дүлей до­да болды. Әрі жүйкені жұқартып, біраз қо­балжытқан маңызды матч болды. Басы қат­ты басталып, аяғы сәтті аяқталды. Жа­пон қыздары да жанкешті екен, біздің қыз­дарды әбден әбігерге салды. Енді ше, олар біздің қыздарға қарағанда әл­де­қайда жас. Бірінші кезеңнің соңғы ми­нутында біздің қақпаға бірінші голды соқ­қан Йоко Кондо ғана 30-дан асқан (1979 жылғы). Қалғандары – 17-27 жас аралығындағы, спортта нағыз көсіле ша­батын, барлық қабілетін көрсете алатын ке­мелденген шақтарына келген қыздар. Ал біздің қыздардың көбі 30-дан асып кет­кен. «Қыздың жасын айтпайды» дейді ғой, сонда да атүсті тоқтала кетейік, біздің бел­ді ойыншыларымыздың арасында 30 тұрмақ, 40-тың қырқасына шыққалы тұр­ғандары да бар. Мәселен, Конышева ма­мыр айында – 39-ға толады, бұйыртса. Яков­чук – 36-ға, Потапова – 35-ке, Штель­майстер 34-ке аяқ басты. Мұ­са­таева сәуірдің аяғында 30-ға толмақ. Мі­не, өздеріңіз көріп отырсыздар, жапон қыз­дары жас әрі ширақ. Олар соны пай­даланып, жеңіске жетуді көксеп, шу де­ген­нен қамшыны басты. Қарқындарын үдетіп, құ­йындай орап соқты. Біздің қыздарға олар­дың жылдамдығына ілесу мұң болды. Біз­дің бір ойыншы айдыннан қуылған са­йын олар жылдамдықтарын үдетумен бол­ды. Бір ойыншымыз кем болғанда қыс­паққа алып, екі мәрте гол соқты да. Бі­рінші голды, жоғарыда айтқанымыздай, бі­рінші кезеңнің аяғында, екіншісін екінші ке­зеңнің бас жағында енгізді. Абырой бол­ған­да, қанша шүйілсе де, үшінші рет гол со­ға алмай, қара терге түсті. Қақпашымыз Да­рья Обыденова Жапонияның жанкешті қыз­дары тұрмақ, азуын айға білеген Канада жә­не АҚШ құрамаларының бесаспап ша­буылшыларының соққыларына да тос­қа­уыл бола біліп жүргендігін дәлелдеді. Осы­лай екінші кезең де аяқталды-ау. Егер жа­пондар үшінші рет гол соққанда, біздің қыз­дар психологиялық тұрғыда сынып, ең­селерін тіктей алмай қалар да ма еді?! Абы­рой болғанда, жапон қыздарының қуат­ты қарқыны екі голмен шектелді.
Үшінші кезеңде біздің қыздар оларды са­баларына түсірді. Біріншіден, олардың жыл­дамдықтары сәл бәсеңсіді. Өйткені олар да – ет пен теріден жаралған адам­дар, олар да шаршайды. Екіншіден, біз­дің қыздарға соңғы кезеңде есепті те­ңес­тірмесе болмайды. Қара басып, же­ңі­ліп қалса, өздерін қамшылап отырған жан­кү­йерлерінен ұят. Сондықтан енді біздің қыз­дар атойлап алға шапты. Тәжірибелері мол Қазақстан хоккейшілері техникалық ше­бер­ліктерінің арқасында таразы басын те­ңестіре алды. Тіпті ет қызуымен ойын ере­жесін бұзып алғанда төрешілер аяусыз жа­залап, біздің қыздарымызды айдыннан алас­татумен болса да, морт сынбады. Ке­рі­сінше, тістеніп, алға қарай ентелеумен бол­ды. Осы қайсарлықтары, жігерлері же­місін беріп, есепті теңестірді. Лариса Свиридова мен Зарина Тухтиева соққан екі голға қанаттанған қыздарымыз жеңісті голды овертаймда соғып, жапондарды «жай­ратар» деп едік, сәті түспеді. Есесіне буллитте техникалық шеберліктерінің жо­ғары екендіктерін дәлелдеді. Жеңісті бул­лит­ті Қазақстан құрамасының ең әдемі ойын­шыларының бірі Зарина Тухтиева ен­гізді. Зарина – біздің құрамадағы ең көрікті ша­буылшыларымыздың бірі ғана емес, ең үздік ойыншыларымыздың бірі.
Ойын аяқталған соң, Қазақстан қыз­да­ры осы матчта өздерін қызу қолдап отыр­ған жанкүйерлерге деген ыстық ықы­ластары мен ризашылықтарын біл­дір­ді. Жапон қыздары да әр трибунаға жа­қын келіп, бас иді.

Александр МАЛЬЦЕВ, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Қыздарымыз қайсарлық танытып, жеңіліп жатып, жеңіске жеттік. Бірақ ал­тын медаль тағдыры әлі шешілген жоқ. Енді Қытай қыздарымен ойнаймыз. Бұл ойын­да да оңай болмайды.

Юдзи ИИДЗУКА, Жапония құрамасының бас бапкері:
– Ұтылуымыздың себебі – екеу. Біріншісі, Қазақстан қыздары қақпамызды жиі-жиі пәрменді соққыларымен нысанаға алумен болды. Екіншісі, ойынның негізгі уа­қы­тында біраз мүмкіндігіміз болса да, үшінші рет гол соға алмадық.

Р.S.
Кеше кешкісін газетіміздің осы саны қатталып жатқанда Қытай және Жапония қыздары кездесті. Ал біздің қыздар Қытай құрамасымен ертең, 3 ақпан күні кездеседі.