«Қайрат» жауапсыз 5 гол жіберіп, Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады

29 шілде 2021, 11:33

Алматылық "Қайрат" сербиялық "Црвена Звезда" командасымен екі матчтық кездесудің қорытындысы бойынша жеңіліп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды, деп хабарлайды  Vesti.kz.

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі командалардың қарымта ойыны Белградта өтіп, 5: 0 есебімен аяқталды. Алаң иелері бірінші таймның өзінде жауапсыз үш гол соғып, жеңіске жетуге айтарлықтай қадам жасады.

 
Алдымен ойынның тоғызыншы минутында Александр Катай алыстан жасаған соққысының арқасында "Црвенаны" алға шығарды. "Қайраттың" қақпасын қорғаған Данила Устименко коронавирус тестінен өте алмай қалған негізгі қақпашы Стас Покатиловты алмастырған болатын.

Араға он екі минут салып Лоис Дьони  алаңның сыртынан алыс бұрышқа дәл соққы жасап, Сербия командасының жеңісін еселей түсті.

Ойынның жарты сағаты өткен соң "Қайрат" жарақат алған Дино Микановичтің орнына алаңға Гүлжігіт Алықұловты алмастыруға мәжбүр болды. 

Ал 42-ші минутта Катай айып добын тікелей қақпаға дарытып, ойын есебін 3:0-ге жеткізді.

Екінші тайм басталмай жатып (49-шы минутта) "Қайрат" төртінші голдарын жіберіп алды, голды салған жартылай қорғаушы Мирко Иванич. Соңғы және шешуші бесінші гол қазақстандықтар қақпасына 56-шы минутта соғылды. Қанжығасы майланған - Филиппо Фалько.

Естеріңізге сала отырайық, командалар арасындағы алғашқы кездесу Алматы қаласында өтіп, "Қайраттың" пайдасына 2:1 есебімен аяқталған болатын. Осылайша, Црвена Звезда екі ойынның есебімен 6:2 етіп жеңіп, келесі кезеңге аяқ басты.

Ал "Қайрат" Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде бағын сынап көреді.