"Қазақстан сурдлимпиадаға есту қабілетінде кемістігі жоқ спортшыны жіберген": Мәдениет және спорт министрлігі пікір білдірді

06 мамыр 2022, 09:43

Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құраманың Сурдлимпиададағы ойынына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Дзюдошы Еркебұлан Қанафин Сурдлимпиададан бірінші алтын медальді жеңіп алды. Ал біздің Спорт комитеті бұл жайында хабар таратқан да жоқ. Сорақысы бұл емес. Құрама бапкерінің айтуынша, халықаралық төрешілер жеңісті мойындағанына қарамастан спорт комитеті өз құрамасының медаліне наразылық танытқан", – делінген Қазақстан Спортшылар одағы БАҚ өкілдеріне таратқан мәлімдемеде. 

Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігі жазғы Сурдлимпиадаға ұлттық құрама командадан 59 спортшы қатысып жатқанын айтты. 

"Алайда Сурдлимпиада комитеті Қазақстан заңнамасына қарамастан, өз тарапынан бірқатар спортшыларды, оның ішінде Еркебұлан Қанафинді жарысқа апарған. Қанафин бұрын-соңды есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспаған. Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі емес және дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт ұйымдарында тіркелмеген. Мәдениет және спорт министрлігінде аудиограмма нәтижелері және жалпы спортшының денсаулық жағдайы туралы ақпарат жоқ. Осыған қарамастан Ұлттық Сурдлимпиада комитеті Е.Қанафинді өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді және спорттық этикалық қағидаларды бұзды", – деді Мәдениет және спорт министрлігіндегілер.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құрама команданың тізімін жасау кезінде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сурдо дзюдодан Қазақстан Чемпионатының қорытындысы бойынша ел чемпионы Айдос Түгелбаевты енгізген болатын. 

Министрлік ұлттық Сурдлимпиада комитетінің үстінен арнайы сот органдарына шағым түсіретінін ресми түрде мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Бразилияда өткен сурдлимпиадада медаль айналасында дау туындағаны туралы хабарлаған едік.