Қазақстан төлқұжатын үлестіріп жүрген кімдер?
Бүгінде Қазақстан футболында төлқұжат дауы, «Тонев дауы» қызып тұр. Ел біріншілігінде доп теуіп жүрген кейбір келімсектердің біздің төлқұжатымызды қалай алып алғандары мүлде түсініксіз, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Қазақ футболында келімсектерден көз сүрінеді
Қазіргі таңда біздің елде Қазақстан азаматығын алып, ел біріншілігінде нәпақа тауып жүрген шетелдіктер саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстанның кәсіпқой футболшылары мен жаттықтырушылары қауымдастығы осы мәселеге ерекше ден қойып, ойыншылардың біздің елдің азаматтығын қалай алып жүргендеріне айрықша көңіл бөле бастады. Себебі бұл мәселе шегінен шығып бара жатқандай.
Аталған қауымдастықтың есебінше, бүгін Қазақстан премьер-лигасында 84 легионер бар екен. Ал 53 футболшы Қазақстан азаматтығын алған. Сонда 137 футболшы Қазақстан аяқдобының түлегі емес!
Айтпақшы, дәл қазіргі таңда «жаңа қазақтары» көп команда «Ақтөбе» екен. Өткен жылғы ел чемпионының сапында тоғыз футболшы Қазақстан төлқұжатын алып, ойнап жүр. Ал «жаңа қазақтары» ең аз клуб – «Тараз» (екі футболшы).
Ал 2002 жылдан бері, яғни Қазақстан УЕФА құрамына енгелі, біздің елдің азаматтығын алған 30 футболшы ұлтық құрамамыздың сапында ойнапты. Енді, мына қызықты қараңыз, осылардың 16-сы жасыл алаңдағы карьераларын аяқтаған. Тек Қайрат Отабаев қана атажұртына қоныс тепкен де, екеуі (Олег Корниенко мен Роман Узденов) Қазақстан чемпионатында еңбек етіп жүрген көрінеді. Бірақ олар да Ресейде тұрады екен. Қалғандары өздерінің тарихи отандарына кетіп қалған...
Футболшылардың азаматтық алу «жыры» – ескі «жарамыз»
Негізі, бұл биыл ғана көтеріліп жүрген мәселе емес. Отандық журналистер жылда көсейтін. Бірақ ешқандай да нәтиже болмайтын. Мысалы, былтыр 50 футболшы Қазақстан азаматтығын алған. Легионерлердің қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде біздің елдің азаматтары болып шыға келгеніне таң қалған Леонид Юрьев деген әріптесіміз («Мегополис» газетінен) ІІМ сұрау салып, өтініш жолдайды. Содан Қазақстан футбол федерациясының Кәсіпқой футбол лигасында біздің елдің азаматтары ретінде тіркеліп тұрған үш футболшыда көк төлқұжат жоқ екендігі әшкере болған. Олар – Заурбек Плиев, Виктор Дмитренко, Андрей Порываев. Бірақ олар кейіннен біздің елдің төлқұжатын... ақыры алып тынды. Рас, біраз уақыт олар жасыл алаңға шыға алмады. Плиев тіпті «Аланияға» барып, доп қуып келді.
Ал Михаил Васильев деген әріптесіміз («Время» газетінде жұмыс жасағынында), яғни осыдан екі жыл бұрын Константин Зотов деген футболшының («Ақжайық» сапындағы) ресейлік және қазақстандық екі төлқұжаты бар екендігін жазған. Осылай бізде қос азаматтыққа жол берілмейтіні жөнінде байбалам салғанында да, ештеңе өзгере қоймаған еді. «Баяғы жартас – сол жартас» демекші, әлі де ештеңе өзгерген жоқ. Зотов қазір Талдықорған клубы сапында қазақтың теңбіл добын әлі теуіп жүр.
Негізі, осы мәселені біз де аракідік көтеріп, қос азаматтық пен футболшылардың тез арада Қазақстан төлқұжаты алып ала қоятындықтары жөнінде жазғанбыз. Футболшылар жайлы ғана емес, хоккейшілеріміздің де бізде Қазақстан азаматы ретінде көрсетіліп, Ресейдегі Құрлықтық хоккей лигасында Ресей азаматтары ретінде тіркеліп тұрғандарын да жазғанбыз. Бірақ қазақша газет оқитын шенеуніктер мен құзырлы орган өкілдері аз ба, бәрі де жабулы қазан күйінде қалып жатыр...
Қайдан шыққан төлқұжат...
Жоғарыда өзіміз атап өткен Леонид Юрьев жыл басында төлқұжат алу мәселесі тыйылмай тұрғанына қайта оралып, биыл «жаңа қазақ» болып шыға келген 40 футболшының тізімін тағы да ҚР ІІМ-не жөнелтеді. Ал құзырлы органнан Македония футболшысы Никола Тоневтің заң жүзінде Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірмегені жөнінде жауап келеді. Бірақ бұл ойыншы «Тобыл» (Қостанай) клубының ресми сайтында да, Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында Қазақстан азаматы ретінде көрсетіліп тұра береді.
Кім біледі, не боларын, бұрынғыдай беті ашылмай қалып қояр да ма еді. Бірақ дәл осы кезде Тонев өзін-өзі «ұстап» береді. Ол Фейсбукке өзінің қазақстандық төлқұжатының суретін салады. Тоневтің суреттегі құжаты бойынша, ол Қазақстан төлқұжатын 2014 жылдың 28 қаңтарында алған. Бірақ суреттегі төлқұжат ескі үлгідегі сияқты. Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылдың 5 қаңтарынан бері біздің елде электронды үлгідегі төлқұжаттар беріледі.
Содан, журналистер бұл суретті шығарып алып, оны Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жөнелтеді. Әділет министрлігі Үкіметтің қаулысымен 2011 жылдан бері төлқұжат бермейтіндерін жазып, жауап береді. Ал Ішкі істер министрлігі Тоневтің Қазақстан азаматы емес екендігін және суреттегі төлқұжаттың жалған екендігін баяндап, жауап жібереді (ҚР ІІМ Көш-қон полициясы департаментінің басшысы С.Сайыновтың қолымен).
Осы департаменттің мәлімдеуінше, Тонев әлеуметік желіге ешқандай да төлқұжаттың суретін салмаған. Әрі көптен бері әлеуметтік желіні қолданбайтынын, тіпті төлқұжат суретін кімнің салғанын да білмейтінігін де айтқан.
Сөйтіп, «сонда бұл қайдан шыққан төлқұжат» деген сұрақ өзінен-өзі туындап, көпшілікті таң қалдырды...
Тонев те жоқ, төлқұжат та жоқ
Содан Қазақстан футбол федерациясы арнайы комиссия құрды. Әрі бұл комиссия жекелеген футболшылардың Қазақстан азаматтығын заңды түрде алғанын тексерумен айналысады деп жарияланды. Әрі оны ҚФФ вице-президенті Олжас Абраевтың басқаратындығы да мәлім болды.
Осы комиссия бірнеше жиын өткізіп, соның біріне «Тобыл» футбол клубының директоры Талғат Баймұратов пен осы клубтың ойыншысы Никола Тоневті шақыртқан. Алайда футболшы комиссия отырысына келмеген. Ал «Тобыл» клубының өкілдері дәл қазір Тоневтің команда сапында жоқ екендігін хабарлаған.
ҚФФ арнайы комиссиясы осы іспен егжей-тегжей айналысып жатқандай. Бұл ретте, Тоневтің маусым басында өткізген құжаттарының, яғни жеке куәлігі мен төлқұжатының көшірмесі ҚР ІІМ Көш-қон полициясы комитетіне жіберілгендігі ҚФФ ресми сайтында жарияланды.
Ал түсініп көріңіздер. Шетелдіктер осылай жалғанды жалпағынан басып, қазақтың ырзығы мен ырысынан, нуы мен суынан, халықтың несібесінен жырып алып жүре бере ме? Бүйте берсек, Қазақстан футболшылары мен жаттықтырушылары кәсіподағының мүшесі, бұрынғы Қазақстан құрамасының қорғаушысы Максим Жалмағамбетов айтқандай, өз футболшыларымызды Қызыл кітапқа енгізуге мәжбүр болатын шығармыз.
Автор: Нұрғазы Сасаев
Жұлдыз
Радиосы