Қазақстандық зілтемірші Арли Чонтей Ташкентте әлем чемпионы атанды

08 желтоқсан 2021, 09:43

Қазақстандық зілтемірші Арли Чонтей Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
29 жастағы спортшы үш мүмкіндікте де жұлқа көтерді. Оның бірінде 118 келі нәтиже көрсетті. 

Серпе көтеру жаттығуы бойынша да таза өнер көрсетті. Максималды көрсеткіш 142 келіге жетті. Жалпы 260 келі көрсеткішпен отандасымыз жеңіске жетті. 

 Екінші орын Таиландтан келген Тада Сомбунуанға бұйырды. Ол 256 (115+141) ұпай жинады. Ал үздік үштікке болгариялық Ангел Русев кірді. Ол 254 келі (110+144) нәтиже көрсетті. 

Айта кетейік, ауыр атлетикадан әлем чемпионаты кеше, 7 желтоқсан күні Ташкентте басталды. Қазақстан атынан біріншілікте 5 спортшы өнер көрсетеді: Арли Чонтей, Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов (екеуі де 96 келіге дейін), Карина Құзғанбаева (81 келіге дейін) және Айзада Муптильда (87 келіден жоғары).