Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Көршiлерiмiздiң көлеңкесiнде қалып қоймайық

06 маусым 2011, 16:11

Көршiнiң ауласына ұрлана қарап, оның мүлкiн санап, өзiңдiкiмен салыстырып отыру адам баласының қашаннан бергi әдетi емес пе?! Озып бара жатса, қуанасың, жетуге талпынасың. Жасыратыны жоқ, бәрiмiз сондаймыз. Демек, бүгiнгi тақырыбымызда Құдай қосқан көршiлерiмiз Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрiкменстан мемлекеттерiнiң спортын бағамдап көргенiмiз артық болмас. Бәлкiм, үйренетiн тұстары да бар шығар...

  Абай ОМАРОВ (коллаж)

РЕСЕЙ
Алдымен солтүстiк көршiмiз – Ресейден бастасақ. Спорттың қай саласында болсын орекелерiмiз өзгелерден оқ бойы озық тұруға үйренген халық екенiн байқаймыз. Әсiресе, спорттың қысқы түрлерiнде. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн, арыға бармай-ақ, Қытайдың Харбин қаласында өтiп жатқан студент спортшылар арасындағы универсиаданың нәтижелерiне көз жүгiртсек жеткiлiктi. Айта кетейiк, Ресей құрамасы алдына аталмыш дода қожайындарын ғана жiберiп, бейресми жалпыкомандалық есепте екiншi орында тұр. Қоржындарында – 32 медаль. Оның 11-i – алтын, 9-ы –  күмiс, 12-сi – қола. Дегенмен универсиада аяқталғанша ресейлiк студент спортшылар Қытайды да басып озуы ғажап емес. Олай дейтiнiмiз, доданың алғашқы күндерi үшiншi орында тұрған олар Оңтүстiк Корея құрамасын да артқа қалдырып үлгердi.
Орекелерiмiз жаздық спорт түрлерiнен де кенде емес. Бейжiң Олимпиадасының бейресми жалпыкомандалық есебiнде ойып тұрып үшiншi орын алған олар қоржындарын 72 медальмен толықтаған болатын.

ҚЫТАЙ
Әлемдi тек экономикамен ғана емес, басқа да әдiстермен жаулауға көшкен Ұлы Жiбек елiнiң спорты да аз уақыттың iшiнде қарыштап дамып кеттi. Естерiңiзде болса, Қытай құрамасы өз жерiнде өткен олимпиада ойындарында 51 алтынын қоса есептегенде 100 медаль иеленiп, бейресми жалпыкомандалық есепте бiрiншi орынға орналасқан-тын. Ал 1980 жылғы олимпиада чемипоны Жақсылық Үшкемпiровтiң айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын Қытай халқының спортқа көңiл бөлгенi былай тұрсын, өздерiн-өздерi әрең асырап жүрген шамада болған көрiнедi.
–    Бұрындары Қазақстан Тәуелсiздiгiн жаңа алып жатқан шағында Қытайға барып, жұмыс iстеп қайтқаным бар. Халқы өте жұтаң болатын. Өлместiң күнiн кешiп, бiркүндiк нәпақаны талғажау етiп жүретiн. Сол кезде Қытай менiң көзiме КСРО-ның 1950-жылдарындай болып елестейтiн. Ал қазiр барған сайын таңдайымды қағып қайтам. Мүлдем өзгерiп кеткен. Заман талабына сай сан түрлi жаңа ғимараттар салынып, спорттық ареналары алыстан менмұндалап тұрады. Айналдырған он шақты жылдың iшiнде олардың қалай құлпырып кеткенiне таңмын, – деп таңданысын жасыра алмады олимпиада чемпионы.

ӨЗБЕКСТАН
Спорттың басқа түрлерiне қарағанда Өзбекстанда футбол үлкен қарқынмен дамып келедi. «Құрылысшы» футбол клубын құрып, артынша атауын «Бунедкор» деп өзгерткен әкаларымыз сол клубтың өзiмен-ақ күллi дүниенi өздерiне қаратып алды. Алдымен бапкер ретiнде бразилиялық Зиконы шақыртып, артынша Чили құрамасының шабуылшысы Хосе Луис Вильнуэва, бразилиялық Ривалдо, Луизао сынды сайыпқырандарды алдыртты да АФК-ның жартылай финалына дейiн жеттi. Футболдан ұлттық құрамасы да нашар ойын өрнегiн көрсетiп жүрген жоқ. Қазақстан құрамасымен болған жолдастық кездесулерде де алдымызды орап кеткен кездерi аз емес.
ТҮРIКМЕНСТАН
Спорты ең әлсiз түрде дамып жатқан көршiлерiмiздiң бiрi — Түрiкменстан. Оны Бейжiң Олимпиадасында көрсеткен нәтижелерiнен де көруге болады. Бiрде-бiр спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрiне алмаған Түрiкменстан Ұлы Жiбек елiнен қоржындары далақтап, құр қол қайтқан-тын. Бiрақ оңтүстiк-батысымызда орналасқан бұл көршiмiздiң спорты ақырындап дамып келе жатқанын да айта кеткенiмiз жөн. Мәселен, осы жылдың қыркүйегiнде өз жерiнде авторалли спортын қабылдауға ниет танытып отырған Түрiкменстан Президентi Құрбанқұлы Бердiмұхаммедов аталмыш шараны ұйымдастыруға 5 млн евро бөлiп отыр. Сондай-ақ олардан ұлттық ойын түрлерiн де үйренгенiмiз артық емес. Олар, әсiресе, ат баптау, аң аулау, құс салуға өте шебер, патенттерiн иеленiп алуға да пысық.
ҚЫРҒЫЗСТАН
Алдыңғы үш елге қарағанда айыр қалпақты ағайындарымыздың спорты соншалықты қарқынды емес. Алайда грек-рим күресiне келер болсақ, олардан үйренерiмiз көп. Себебi Бейжiң Олимпиадасында Қырғызстан құрамасы екi-ақ жүлде алған болса, екеуiн де классик балуандары алып берiп, қазақстандық мамандардың бармағын тiстеткен болатын. Олай дейтiнiмiз, 66 келi салмақ дәрежесiнде күмiс медаль иеленген Қанатбек Бегалиев кезiнде Қазақстан құрамасының намысын қорғамақшы болған. Алайда сол кезде бiздiң тарапымыздан қолдау болмағасын, елiне қайта кетуге мәжбүр болған екен.

Түйiн
Көршiлес бес мемлекеттiң де спорты әрқилы дамыған. Бiрақ қай-қайсының болсын түртiп қоюға болатын тұстары жоқ емес. Ресейдiң қысқы спорт түрлерiнен үлгi алуымыз керек болса, Қытайдан ұйымдастыру жағын, Өзбекстаннан футболды дамытуды, Қырғызстаннан грек-рим күресiн, ал Түрiкменстаннан ұлттық ойын түрлерiн үйренсек, артықтық етпейдi.