Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қырғыздар алғаш рет медаль алады

03 ақпан 2011, 11:58

Бұған дейін қысқы Азия ойындарынан медаль алып көрмеген қырғыз халқына қазақтардың арқасында бір медаль тиетін болды.
Иә, иә, бір медаль бұйырады. Бір қы­зығы, бұл медальді қырғыз бауыр­ларымыз өз күштерімен жеңіп алмайды. Бенди қысқы Азия ойындары бағдарламасына осы дүбірлі доданың қожайыны ретінде қосқан спортымыз еді. Төрт жылда бір өтетін Азия ойындарын ұйымдастырушы­лар осылай өздері жетік білетін спорт түрін аталмыш дода бағдарламасына енгізе алады. Тек міндетті түрде төрт ел қатысуы керек. Алтын алу мақсатында осындай ішкі есеппен бендиді VІІ қысқы Азия ойындары бағдарламасына қосқанбыз. Моңғолдар бендиді бұрыннан ойнайды. Тіпті әлем чемпионаттарына да қатысып жүр. Қырғыз да қолына имек таяқша ұстап, осы спорт түріне бет бұрғылары келіп жүр. Тек төртін­ші ел табу керек болатын. Әу баста Қытай имек таяқшамен мұз үстінде додаға түсуді тез арада меңгеріп, қатысушылар санын толықтыруға келісім бергендей еді. Артынан келмейтін болып қалды. Одан соң тәжіктерге қолқа салдық. Өкінішке қарай, олар да келмеді. Сондықтан «үш елдің арасында ғана өтетін доданы Азия ойындарының бағдарламасынан алып тастамаса етті» деп қобалжып жүр едік, кеше бірінші ойын өтті. Моңғолдар мұз үс­тінде әзер сырғанап жүрген қырғыздарға әлімжетік жасап, 17:2 есебімен жеңіске жетті.
Содан осы спорт түрінің басы-қасында жүрген білікті маман, Қазақстан құра­масының аға жаттықтырушысы Александр Ионкинді сөзге тартып, «үш құрамамен де Азиада додасын өткізе беруге бола ма?» деп, көкейдегі сауалымызды төтесінен қойдық.
– Тиісті ұйымдардан үш құрамамен Азия ойындары бағдарламасындағы допты хоккей додасын өткізе беруге рұқсат алдық. Бәрі ойдағыдай.
– Дұрыс-ақ. Александр Михайлович, Азиадаға алыс-жақын шетелдердің клуб­тарында ойнайтын легионерлерді және «Ақжайықтың» негізгі құрамындағы Ресей тумасы болып табылатын ойын­шылардың бәрін шақыртпай, қосалқы құрамда отырса да, өз жігіттерімізді үкілеп қосқалы отыр­ғандарыңызға қуаныштымыз. Бұл сіздің идеяңыз ба, әлде басшылардың нұсқауы ма?
– Менің идеям. Легионерлер бәрібір келе алмас еді. Әлем чемпионатынан кейін оларды клубтары жібермейді, енді. Сондықтан тек «Ақжайықтың» ойыншы­ларына иек артуға тура келеді. Мен өз жігіттерімізбен-ақ Моңғолияны жеңуге болады деп ойлаймын. Бүгінгі ойынды көрсеңіз, олардың деңгейлерін өзіңіз де пайымдаған боларсыз.
Александр Ионкинге рақметімізді ай­тып, жеңіске жетулеріне тілектестігімізді білдірдік. Бүгін қырғыздар біздің бенди­шілермен кездеседі. Жеңілетіндеріне шүбә келтіре алмаймыз. Бірақ жеңілсе де үшінші орынға тұрақтап, қола жүлде алады. Өйткені басқа команда жоқ. Ал финалда қазақ пен моңғол «шайқасатын» болады.