Мәдина Бақбергенова Азия чемпионатында «алтын» алды

21 сәуір 2022, 18:46

Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен Мәдина Бақбергенова чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда ол 68 келіде қырғызстандық Мээрим Жуманазаровамен шеберлік байқасты. Қарсыласы 2021 жылы әлем чемпионы атанса, 2020 жылы әлем кубогының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, ол 2020 жылы Жазғы олимпиадада қола алса, былтыр Азия чемпионы тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, әйелдер күресінде 76 келіде Гүлмарал Еркебаева қола жүлдеге қол созды. Ол жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Ариунжаргал Ганбатты жеңді. Еске салсақ, құрлықтық додада грек-рим күресінен қазақстандық балуандар 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль алды. Азия чемпионаты 24 сәуірде мәресіне жетеді.

ҚазАқпарат