Нұр-Сұлтанда «Qysqy jugiru» жарысы өтті

26 желтоқсан 2021, 15:42

Елордадағы триатлон саябағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  қысқы жүгіру жарысы  өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

«Qysqy jugiru» жарысының негізгі қашықтығы 10 шақырымды құрады. Жарысқа 250-ге жуық қала тұрғыны мен қонақтары және спорт әуесқойлары қатысты.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Нұр-Сұлтан қаласының триатлон Федерациясының Президенті Ержан Біржанов және  Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысып, берілген он шақырымды жарыс қатысушыларымен бірге бағындырды.

«Елордалық тұрғындар бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Соның дәлелі бүгін міне, қала тұрғындары және әуесқой спортшылар триатлон саябағында өтіп жатқан қысқы жүгіруге қатысуда. Баршаңызға сәттілік, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізді тілеймін. Алдағы келе жатқан мерекелер құтты болсын!»,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
«Qysqy jugiru» жарысының қатысушылары 5 жас ерекшеліктері бойынша сынға түсті. Атап айтақ: 18-29 жас; 30-39 жас; 40-49 жас; 50-59 жас; 60 жас және одан жоғары.

"Бүгін әуесқой спортшылардың басын біріктіріп, жаңа жылдың алдында жүгіру өткіздік. Қатысушылардың саны 250-ге жуық. Қашықтық- 10 км. Мақсаты - қала тұрғындарын спортқа баулу. Қазіргідей қиын кезде спортпен айналысқан адамдар аз ауырады. Сондықтан, барлықтарыңызды спортпен шұғылдануға шақырамыз", - деді қалалық Триатлон Федерациясының президенті Ержан Біржанов.
Жарыстың басты мақсаты – елордада бұқаралық спортты дамыту, Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұлт денсаулығын жақсарту.

"Бүгін жарыс тамаша өтті деп айтуға болады. Ауа райына байланысты кішкене мұз болды, соған қарамастан жарыстың ұйымдастырылғанына үлкен рақмет айтамын. Жарыс тамаша болды", - деді қатысушы Ақас Қалдыбек.
Мәреге жеткен әрбір қатысушыға финишорлық медалі табысталып, әр жас санаттағы жеңімпаздар сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, жарыс барлық санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.