Ольга Рыпакова Қарулы Күштер подполковнигі атанды

29 желтоқсан 2021, 00:24

Салтанатты шарада өзге де әскери спортшылар марапатталды.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға жаңа әскери атақ берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеңіл атлет ҚР Қарулы Күштерінің подполковнигі атанды. Спортшы жаңа қызметінде жауапкершіліктің еселене түсетінін айтты.

«Спорт және әскери өмір – бұл нағыз патриоттарды, әрдайым жеңіске ұмтылатын қайратты, батыл және адал спортшыларды тәрбиелейтін тандем. Қазақстан армиясының спорт клубы мен біздің қорғаныс министрлігіміздің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе», - деді спортшы.

Сондай-ақ, олимпиада чемпионы салтанатты шарада биыл әлемдік деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері атанған үздік әскери спортшылардың да марапатқа ие болғанын атап өтті.  

Ольга Рыпакова – қазақстандық жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы (2012), Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері (2008) және Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері (2016).