Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Осалдардың ойы және ойыны

04 маусым 2011, 12:30

Футболдан Қазақстан – Әзірбайжан ұлттық құрама­лары арасындағы матч қарсаңында осы екі команда арасындағы бәсеке көрігін қыздырып, отқа май құя түскен журналистер көп болды.
Каспийдің арғы жағалауынан бір топ журналист келсе, Алатау бөк­тері­нен сегіз тілші бардық. Сонау Гер­ма­ниядан да екі-үш адам келіпті (себебі Әзір­байжан келесі кездесуін Германия құрамасымен өткізеді). Бұ­ларға Аста­надағы әріптестерімізді қо­сыңыз. Қазақстан – Әзірбайжан ұлт­тық құра­малары арасындағы матч­ты бол­ға­нынан боладысы қызық­ты етіп жібергендер – осылар.
Әзірбайжан 12 журналист әке­ліп­ті. Футбол әле­мінде бұл елдегі azeri­sport.com сайты жайлы білмейтін ел кем­де-кем шығар. Қызыққанымыз, Кас­пийдің арғы жағалауынан келген таңдаулы журна­листердің барлығы да – жергілікті ұлт өкілдері. «Астана-Арена» стадионындағы ойыннан бір күн бұ­рын әзірбайжандар өздері ор­на­лас­қан қонақүйде баспасөз мәжі­лісін өт­кізді. Жарнамалық плакат­тарын іліп, үс­телдің екі шетіне мем­лекеттік ту­ла­рын қойып қойды. Әзір­байжан құ­ра­ма­сының бас бапкері Берти Фогтс екенін білесіздер. Неміс маманы. Сол Фогтстің баспасөз мәжілісінде аузы­нан шыққан сөздерінің бәрін тіл­маш ауда­рып отырды. Біздегідей — орыс тіліне емес, әзір­байжан тіліне. Содан соң барып, қажет етсеңіз, орыс тіліне де аударып береді. Одан соң, коман­да капитаны Рашад Садыхов пен тағы екі ойыншы журналистер сұрақ­тарына жауап берді. Олар да өз тіл­де­рінде сөйледі.
Түстен кейін «Астана-Арена» стадионында Қазақ­стан құрамасының жур­налистерге арналған баспасөз мәжілісі өтті. Әдеттегідей бәрі — орыс тілін­де. Бірден Мирослав Беранекке сөз берілді. Бас бапкер сөзін аяқ­таған бетте, команда капитаны Қай­рат Нұр­дәулетовке қазақ тілінде сұрақ қойдық. Қос тілде де тәп-тәуір сөй­лейтін Қайрат ана тілімізде жауап бер­ді. Мұ­нымыз Әзірбайжан­нан келген 12 журналист пен ұлттық құра­ма­ла­рының «барлаушылары» алдында ұят­қа қалмау­дың қамы еді. Осылай бас­пасөз мәжілісінің әлқис­сасын қа­зақ тілінде бастаған болдық...
Бұл мақала жарыққа шық­қан­ша, екі елдің футболшылары ара­сындағы ойынның нәтижесі де бел­гілі болады. Сондықтан құнын жоғалт­пайтын деректерге ғана тоқ­талсақ. Берти Фогтс Сарыарқа тө­сіне үш ұпай үшін келгенін жасыр­мады. «Командам жас, әйтсе де жеңіске жетуді көксейміз. Тек жас футболшыларымыз көп қате­лес­песе болғаны», – дейді. Содан соң «Жасанды алаңда ойнау­дан қо­рықпаймын, сапасы нашар таби­ғи жасыл желек үстінде ойна­ған­нан гөрі, сапасы жақсы жасанды алаңда ойнаған жақсы. Өйткені болашақ – жасанды желектікі. Себебі табиғи жасыл желекті бағып-күту оңай шаруа емес» деп, бір түйіп қойды.
Мирослав Беранек «бұл дерби, екі жақтың да мүмкіндігі бірдей» деп, біраз мәселенің бетін қайырып тастады. Содан соң осы ойында жеңіс­ке жету маңызды екендігін де баса айтып өтті. Түзде Германия­дан ой­сы­рай ұтылғанда, «мен бұл ойын­ды бірнеше қайталап көремін, содан соң қо­ры­тынды шығарамын, себебі бұл кез­десуде кейбір ойыншылар сенім үдесінен шыға алмай, осындай табан тірескен дүлей до­даға шыдай алмай­тындықтарын сез­діріп алды» деген. Содан бері Ми­рос­лав-аға, шы­нымен-ақ, мың ой­ла­нып, мың тол­ғанып, бір ше­шім­ге келгендей. Бұл жолы ұлт­тық құ­рама сапынан Абдулин, Чер­ны­шев, Чичулин, Кислицын, Ирис­ме­тов, Азовский, Скорых, Шом­­ко, Авер­ченко, Жұ­мас­қалиев сын­ды ой­ын­шы­лары­мызды көре ал­ма­дық. Олар­дың орындарын басқа ой­ын­шы­лармен толық­тырды. Бұл жө­нінде:
– Германиядан ұтылған соң, бір өзгеріс енгіз­бесе болмайтындығын білдім. Сол үшін құрама сапын 50 пайызға өзгерттім. Шеберліктерін шың­дай түсіп, деңгейлерін өсіруге болатын, әлеуеті зор жастарды ша­қыр­дым. Бұл орайда, Мұжықов, Шах­метов, Көкеев, Гурман сынды жастарды атап өт­кім келеді. Жалын атқан жас­тардің ынта-жігерлері мен тәжірибелі ой­ын­шылардың ойлы да сайлы ойын­­да­рымен ұштастырғым келеді, – деп ағынан жарылды.
Ал команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов: «Жанкүйерлер алдында да, журналистер алдында да әбден ұятқа қалып болдық, сондықтан бұл ойында бізге тек жеңіс керек. Тіпті тең ойынды да біздің жанкүйерлер қана­ғат тұтпайды. Сондықтан аянбау­ға тырысамыз», – деді қабағын түйе...
Әзірбайжан ұлттық құрамасының пресс-офицерінен «бұл кездесудің сіздер үшін қандай да бір саяси маңызы бар ма?» деп сұрағанымда:
– Жоқ, ешқандай да саяси маңызы жоқ. Бұл, бар болғаны, «А» тобын­дағы ең осал екі құрама ара­сындағы матч. Деңгейлері шамалас болған­дықтан, екеуі де бірін-бірі ұтып, қоржындарына ұпай салмақ. Азуы алты қарыс Германиядан ұпай алу мүлде қиын ғой. Сондықтан бір-бірімен аңдыспағанда, кіммен алысады? – деді жымиып.

Қазақстан – Әзірбайжан – 2:1
Голдар: Гридин, 57. Гридин, 68 — Нәдіров, 63.
Ескерту: Щмидтгаль, 77
Қазақстан:12. Нестеренко, 8. Смақов, 4. Мұхтаров, 3. Логвиненко (Рожков, 65), 6. Нұрдәулетов (К), 7. Гетериев, 9. Щмидтгаль, 10. Хайруллин (Киров, 82), 11. Қонысбаев, 17. Гридин, 20. Остапенко (Хижниченко, 79).
Әзірбайжан: Агаев, Меликов, Садигов, Жавадов, Әлиев (М.Гусейнов, 70), Садықов (К), Д.Гусейнов (Нәдіров, 61), Медведев, Левин, Исмайлов.
Бас төреші: Юан Норис (Шотландия)