Өзбек журналисті Олимпиададағы Қазақстан құрамасы туралы

03 тамыз 2021, 12:53

Токиодағы Олимпиада ойындарының аяқталуына аптаға жуық уақыт қалып отыр. Әзірге құрама сапында дзюдошы Елдос Сметов, зілтеміршілер Игорь Сон мен Зүльфия Чиншанлолар еншілеген қола жүлделер бар. Медаль алатын спорт түрілерінің арасында қазақтың қанына сіңген боксты айтуға болады.

 

Алайда Vesti.kz тілшісімен тілдескен өзбекстандық спорт журналисі Хусан Норпулатовтың пікірінше, бүгінгі таңда өзбек боксшыларының деңгейі анағұрлым өскен. Бұл жолы да өзбек командасы Қазақстан құрамасын басып озады дейді.

 

"Өкінішке қарай, Рио Олимпиадасындағы көрсеткішті тіркеу қиындау болады. Себебі Токиода үміт күткен көптеген спортшыларымыз жарысты ерте аяқтауда. Оның үстіне кейбір сәттерде төрешілер де бізге қарсы жұмыс істеп жатқанын көріп жатырмыз. Соған қарамастан біздің боксшыларымыздың деңгейі өскен. Жуырда ғана өткен Азия чемпионаты соның дәлелі. Біздің елде боксқа жақсы көңіл бөлінген. Былғары қолғап шеберлеріміз жарысқа барса бүкіл ел болып қолдап отырамыз. Әрине соңғы жылдары өзбек пен қазақ боксының арасында бәсекелестік жоқ емес. Қазақстанда да мықты спортшылар барын білемін. Алайда күншығыс еліндегі Жазғы ойындарда жалпыкомандалық есепте болсын, жекелей бокс бәсекесінде болсын өзбек командасы көрші қазақ құрамасын басып озады", - дейді өзбек журналисі.

 

Еске салайық, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Өзбекстан спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 7 қола медальмен жалпы есепте 21 орынды иеленген. Оның ішінде 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдені бокстан алған.

 

Ал Қазақстан құрамасы болса 3 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 22 орынға табан тіреді. Сондай-ақ, оның ішінде 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бокс спортынан алынды.