Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Өзбектің үздігін сұлатты

26 сәуір 2011, 15:15

Сербия астанасы Белградта бокстан халықаралық турнир аяқталды. 16 мемлекеттің таңдаулы боксшылары қатысқан аталмыш турнирден қазақстандық былғары қолғап шеберлері екі алтын және төрт қола медаль олжалады.
Бұған дейін жазғанымыздай, ұлттық құрама боксшылары үш топқа бөлініп, алдағы маңызды додаларға дайындалып жатыр. Солардың бірі – Сербия шаршы алаңында бақ сынады. Бәрінен де 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Азамат Белгібаев қуантты. Ол жартылай финалда әлемдегі үздік боксшылардың бірі саналатын 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2010 жылы Гуанчжоудағы Азия ойын­да­рының жеңімпазы Дильшот Расуловпен кездесіп, өзбек боксшысын жекпе-жектің алғашқы раундында нокаутқа түсірді. Аза­маттың толассыз соққыларынан есін жи­най алмаған өзбек боксшысы кез­де­суден бас тартқан көрінеді. Сол секілді 2010 жыл­ғы ел чемпионы Манат Өмірзақов та 69 келі салмақта бірінші орынға ие болды. Халықаралық турнирдің чемпионы атанған қос жігітіміз де финалда венгр бокс­шы­ларын ұтты.
Ал төрт жерлесіміз жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Олар – жастар арасындағы Азия чемпионы атанған Нұрбол Қалжанов (56 келі), Чехияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы Самат Бәшенов (60 келі), 2011 жылғы ел чемпионатының кү­міс жүлдегері Алмасбек Әлімбеков (64 келі) және аса ауыр салмақта өнер көр­сет­кен Рустам Іргебаев.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мыр­зағали Айтжановтың берген мәліметі бойынша, енді біздің боксшылар екіге бө­лініп, бірі Алматыдағы Сағадат Нұр­ма­ған­бетов атындағы халықаралық турнирде бақ сынайды, енді бірі Өзбекстанда өтетін ха­лықаралық турнирге аттанады.