Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Стамбулда сыр шертер – «Шахтер» мен «Вердер»

27 қаңтар 2011, 17:08

УЕФА кубогының жартылай финалдық ойындарының екінші кездесулері аяқталып, финалда бақ сынайтын қос команда анықталды. Стамбулда өтетін финалдық матчта «Шахтер» мен «Вердер» додаға түсетін болды.

 Донецкідегі де, Гамбургтегі де матч шектен тыс шиеленісті өтті. Екі жұпта да бір елдің командаларының өзара кездескені отқа май құя түскендей әсер етпесе, одан кем түскен жоқ. Әсіресе Донецкідегі матч өте тартысты басталды. Украина чемпио­натында «Шахтер» мен «Динамоның» ежелден бір-біріне илікпес, именбес те жол бермес бәсекелес екендері бесенеден белгілі. Жыл сайын Украина чемпионаты мен кубогы жолындағы додаларда қырық­пышақ болып жүргендері аз болғандай, бұл жолы УЕФА кубогының жартылай финалында қырқысуға тура келді. Екі жақ алма-кезек шабуылдарымен бір-бірінің қорғанысын піспектеп жатқан. Осындай ширақ шабуылдардың бірінде алаң иелері есеп ашты. Қақпаның өкпе тұсынан теңбіл допты шірене тартқан Жадсон Киев клубы қақпасының торын бүлк еткізді. Шыр айнала ұшқан доп қақпашы Богушка жалын ғана сипатып, қақпа маңдайша­сының астымен енді де кетті. Сол-ақ екен, «Динамоның» ойыншылары екіленіп, ал­ға қарай ентеледі. Әрі алаң иелерінің фут­болшыларын аяусыз шалып, итеріп, дө­ре­кілікке де жол бере бастады. Әсіресе Алек­сандр Алиевтің түрі түтігіп кетті. Қолына «Шахтердің» ойыншыларын бір-бірлеп берсең, түтіп жейтіндей тура. Басқа ойын­шылар да аянар емес. Оған «Шахтердің» футболшылары имене қоюшы ма еді?! Жоқ, әрине. Дарио Срна бастаған намыс­қой жігіттер де тартынар емес. Алаң жие­гінде «Динамоның» бас бапкері Юрий Се­мин жүр, айқайлап. Байыз таппай, дауысы қарлыққанша шырылдап, Алиев секілді қызуқанды футболшыларын сабаларына түсіре алмай әлек болды. Төреші «Динамо­ның» үш ойыншысына сары қағаз көрсетіп, ескерту жасаған соң ғана қонақтар аз да болса, басылайын деді. Негізі, Алиевтің ашуланатындай жөні жоқ еді. Рас, айып добын орындағанда Вукоевич оның теп­кен добының бағытын өзгертіп, гол соққан. Бірақ қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, Вукоевичтің бұл голды офсайдтан соққандығын білдірді. Сол-ақ екен, Алиев бұлқан-талқан ашуланып, ескерту ал­ғанша басыла алмай өршіді...
Екінші тайм басталған бетте Алиев тамаша пас беріп, Бангуның таразы басын теңестіруіне ықпал етті. Осыдан соң ойын біраз сабырлы қалыпта өтті. Сірә, үзіліс кезінде екі команданың да бапкерлері (мүм­кін басшылары) әдептен аттауға бол­майтындығын қатаң тапсырса керек. Ойын­ның аяқталуына бір-екі минут қал­ғанда Илсиньо сол қанаттан «Динамоның» қорғанысын тесіп өтіп, жол-жөнекей олар­дың екі қорғаушысын алдап өтіп, теңбіл допты қақпа ішіне тоғытты. Гол. «Шахтер» финалға шығып, «Динамо» жер шұқып қалды. Бірақ кеншілер клубының белді ойын­шыларының бірі Тома Хюбшман екінші рет ескерту алғандықтан, финалда ойнай алмайтын болды.
Өз кезегімізде, Донецк футболын дамытуға атсалысып, «Шахтердің» жетіле түсуіне өз қаржысын төгіп отырған «Ринат Ахметовтің еңбегі ақталды» деп ойлайтын­дығымызды білдіргіміз келеді. Әрине, ағайынды Суркистер де «Динамоға» аз ақша төгіп отырған жоқ. Бірақ «Динамо­мен» салыстырғанда, «Шахтер» күні бүгін­ге дейін Еурододаларда топ жарған емес.
Неміс дербиі де өте қызықты өтті. Бұл матчта тіпті бес гол соғылды. Осы кездесу­де де екі жақтың ойыншылары аянып қалған жоқ. Осындай қиян-кескі ойында бақандай алты ойыншы ескерту алды. Әр командадан – үш ойыншыдан. Өкініштісі, солардың екеуі финалда жасыл алаңға шыға алмайды. Олар – «Вердердің» бетке ұстар ойыншылары Диего мен Угу Ал­мей­до. Басқасы басқа, бірақ бремендіктер үшін хас шебер Диегоның орнын толтыру мүмкін бола қоймас...
«Шахтер» (Донецк, Украина) – «Динамо» (Киев, Украина) – 2:1
Голдар: Жадсон,17. Илсиньо, 89 – Бангура, 47.
Бірінші ойын – 1:1.
«Гамбург» (Германия) – «Вердер» (Германия) – 2:3
Голдар: Олич, 13. Олич, 87 – Диего, 29. Писарро, 66. Бауманн, 83.
Бірінші ойын – 0:1.