Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тай төрінен төрт жүлде

31 қаңтар 2011, 16:58

Бүгін Таиландта күрес түрлерінен кезекті Азия чемпионаты өз мәресіне жетеді. Үш күрес түрі бойынша өтіп жатқан құрлық біріншілігінде қыздарымыз жігіттерімізге қарағанда тамаша өнер көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресі балуандарына қара­ғанда қыздарымыздың бір алтыны артық. Ал еркін күрес шеберлері ішінен 74 келі салмақта Абдулхакім Шәпиев финалда белдеседі. 96 және 120 келі салмақтағы Дәулет Шабанбай мен Марид Муталимовтен басқалары іріктеу сатысындағы белдесулерден аса алмады. Ал аталған екеуі жартылай финалда Иран балуандарына есе жіберіп алды. Бүгін екеуі де қола медаль үшін белдеседі.
Әйелдер арасындағы еркін күрес белдесулеріне тоқтала кетейік. Саржан Жақсыбеков Екібастұзда аяқталған Қазақ­стан чемпионатынан кейін өз шәкірттерін бірден Азия чемпионатында белдестірді. Ұлттық құраманың үздіктерінің барлығын Екібастұз бен Таиланд боз кілеміне шығарды. Бейжің Олимпиадасында жүл­де алған Елена Шалыгина 67 келі сал­мақ дәрежесінде белдесіп, Азия чемпионы атанды. Ел құрамасының бас бапкері С.Жақсыбеков:
– Елена алғашқы белдесуінде моңғол қызымен күресті. Бұл елдің қыздары, әлбетте, қайратты болады ғой. Елена оны тек айла-тәсілдерінің молдығының арқасында ғана жеңді. Әйтпесе моңғол қызы оны бірінші кезеңде қара күшінің арқасында қозғалтпай қойды. Төрешілер де моңғол қызына болысып, Еленадан ерте құтылғылары келді. Өйткені келесі айналымда оны кілем иесі (тай қызы) күтіп тұрған. Елена екінші белдесуінде өте ширақ қимылдап, алғашқы секундтарда қарсыласын кілемге алып ұрды. Сөйтіп, таза жеңіске қол жеткізіп, төрешілерді жым қылды. Ал финалда қытайлық Ян Маны ұтты. Бұл жерде де төрешілер қытай қызына болысып бақты. Шалыгина бірінші кезеңді 2:0 есебімен ұтып, үзілістен кейін 2:1 нәтижесімен жеңілді. Шешуші кезеңде екеуі де бірде-бір ұпай ала алмады. Ал қоян-қолтық белдесуде әдіс қолдана білген Елена Азия чемпионы атанды, – деді, шәкіртіне ырза болып.
Сондай-ақ бірнеше халықаралық тур­нирлерде жүлдеге ілініп жүрген Татьяна Багатюк 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік шығып, алтын ме­даль еншіледі. Ол әуелі сингапурлық М.Тамбо­нанды жеңсе, одан соң қытай­лық Ж.Женгты ұтты. Ал финалда сол­түстіккореялық Ким Ок Ханды тақырға отырғызып кетті. 48 келі салмақта Жұлдыз Ешімова күміспен күптелді. Ол ақтық айқаста әлем чемпионатының қола жүлдегері, қытай қызы Хиамей Лиден ұтылды. Ал қалған қыздарымыз іріктеу сындарынан аса алмады. 59 келі салмақта Меруерт Дынбаева кореялық Ем Жи Енге, 63 келідегі Ольга Калинина қытайлық Жанг Фегужиге, ал 72 келі салмақтағы Дарья Карпенко моңғол қызы Бурма Очирбатқа жол берді.