«Тобыл» - Қазақстан суперкубогының иегері

03 наурыз 2022, 09:22

Суперкубокті өткен маусымның чемпионы - қостанайлық «Тобыл» мен кубок иегері - алматылық «Қайрат» сарапқа салды.

Қостанайдың «Тобыл» командасы биыл футболдан Қазақстан суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.

Суперкубокті өткен маусымның чемпионы - қостанайлық «Тобыл» мен кубок иегері - алматылық «Қайрат» сарапқа салды. Кездесу барысында қос команда алға қарай ұмтылды. Осындай сәттің бірінде алматылық команда қорғаушылары өздерінің айып алаңында қарсыласты шалып шықты.

Бас төреші Данияр Сахи он бір метрлік нүктені көрсетті. Қостанайлық Серікжан Мужиков пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Бірінші кезеңнің соңына таман алматылық клубтан Жоао Паолоның алыстан тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Екінші кезеңде екі команда тағы бір гол соғу мүмкіндігін іздеді.

62-минутта «Тобыл» қақпасына белгіленген пенальтиді «Қайрат» футболшысы Рикарду Алвеш нысанаға тура бағыттай алған жоқ. Есесіне 83-минутта қостанайлық футболшы Айбар Жақсылықов жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Қостанайлық клуб екінші жыл қатарынан суперкубок иегері атанды. Еске салсақ, биыл ел біріншілігі 5 наурызда жалауын көтереді. Алғашқы турда 5 наурызда «Каспий» (Ақтау) мен «Қызылжар», «Тұран» (Түркістан) мен «Тараз», «Атырау» мен «Ақсу» (Павлодар облысы), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Мақтаарал» (Түркістан облысы) командалары кездеседі.